Перейти к содержимому

Маскүнемдік – бүгінгі қоғамның ең түйінді мәселелерінің бірі. Ішімдіктің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды, отбасы ойрандалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және түрлі халықаралық зерттеулердің мәліметінше, Қазақстан алкогольді тұтыну көлемі бойынша 10 орында екен. 

Маскүнемдікпен күрес елімізде әртүрлі бағытта жүруде. Ұйғыр ауданында да ішімдікпен күрес мәселесі назардан тыс қалған еемес. Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, бүгінде ішімдікке салынған 73 адам тіркеуде тұр екен. Олардың саны жыл сайын көбеймесе, азаймай тұрғаны да шындық. Биыл екі азамат туған-туыстарының келісімімен мәжбүрлі түрде емдеу мекемелеріне жіберіліпті.

Ішімдіктің кесірінен адам түрлі қылмысқа да барады. Тіпті жақынына жаны ашымайтын қатыгезге де айналады. Осындай оспадар әрекетке баратын азаматтардың көбеюіне кей ауылдың ақсақалдары мен жастары алаңдаушылық білдіріп, өз ауылдарында ішімдік сатуға тыйым салыпты. Ауданымыздағы Кепебұлақ, Сұңқар, Шошанай ауылдары «Арақсыз ауыл» бастамасын бастап, бірауыздан ауылда ішімдік сатпауға, оны қолданбауға келісіпті. Ауыл ақсақалдары мен жастар полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, әр тұрғынға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, осы игі бастаманың қолдаушысы бола білді. Бүгінде аталмыш ауылдар «Арақсыз ауыз» атанып, ауднадағы өзге елді мекен тұрғындарына үлгі көрсетуде. Әрі бұл бастаманың аяқсыз қалмай, өзге ауылдар да жалғаса деген ниетте.

Күні кеше ғана аудандық полиция қызметкерлері Рахат ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, осы бастаманы қолдауға шақырды. «Арақсыз ауылдың» пайдалы тұстары мен өсіп келе жатқан жасөспірімдерге қаншалықты тәрбие екенін түсіндіріп, ауыл жастары мен қарттарға жеке-жеке түсіндірме жүмыстарын жүргізді. Рахаттақтар да бұл бастаманың жақсы дүние екенін айтып, қолдау білдіретіндеріне сендірді.

Анар Дүйсенбайқызы