Перейти к содержимому
Главная страница » Киберқауіпсіздік – бүгінгі күннің талабы

Киберқауіпсіздік – бүгінгі күннің талабы

    Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қаскөйлер көбіне жалған сайттар, фейк сілтемелер, банк қызметкері атынан хабарласу немесе әлеуметтік желілердегі алдау схемалары арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысады. Соның салдарынан адамдар қаржысынан айырылып, сенімсіз жағдайларға тап болуда.

    Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 2025 жылы интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 27 мыңнан асып, жалпы алаяқтықтың басым бөлігін құраған. Бұл көрсеткіш киберқылмыстың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Ал тек Алматы қаласының өзінде жыл басынан бері 700-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.

   Алматы облысында да бұл мәселе назарда. Өңірде 2024 жылы 75 интернет-алаяқтық тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 35-ке дейін төмендегені айтылған. Дегенмен, мамандар интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын тоқтатпау қажеттігін ескертеді. Себебі жаңа цифрлық схемалар күн сайын жаңарып отырады.

    Сарапшылардың айтуынша, мұндай қылмыстардың алдын алудың ең тиімді жолы – азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Бейтаныс сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді ешкімге бермеу және күмәнді қоңырауларға сенбеу – негізгі қауіпсіздік ережелері болып саналады.

     Осылайша, интернет-алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың да ортақ жауапкершілігі.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ