Кеген ауданы Саты ауылындағы Төменгі Көлсай көлінде демеушілердің көмегімен жаңа әмбебап құтқару пункті ашылды. Нысанның салтанатты ашылуына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, өңір прокуроры Алмат Амитжанұлы қатысты.
Шарада сөз алған Шыңғыс Сайранұлы жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, әмбебап құтқару пункті туристердің қауіпсіздігін күшейтіп, таулы аймақтағы төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыру мақсатында салынғанын айтты. Өңірдің қауіпсіздігіне үлес қосқан кәсіпкерлерге ведомстволық медальдар мен Алғыс хаттар табыстап, олардың азаматтық жауапкершілігіне жоғары баға берді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы игі бастаманың маңыздылығына тоқталды. Құтқару пунктін дәл осы аумақта орналастыру туралы шешім өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып қабылданғанын да жеткізді.
Бұған дейін Төменгі Көлсай көлінде 1984 жылғы сел тасқындарынан кейін ашылған гидробекет жұмыс істеп келген болатын. Алайда уақыт өте келе ғимарат заман талабына сай қызмет көрсетуге және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмейтін жағдайға жеткен.
Іс-шара барысында «Шелек» өзені алабы сел қаупі жоғары аймақтардың бірі екені ерекше айтылды. Биік таулы аумақта мұздықтар мен бөгеттік көлдердің орналасуы табиғи қатерлердің туындау ықтималдығын арттырады.
Осыған байланысты жаңа әмбебап құтқару пункті заманауи байланыс құралдарымен, мониторинг жүргізу жүйелерімен, тәулік бойы кезекшілік атқаруға арналған бөлмелермен және жедел әрекет ету техникасымен толық жабдықталған. Нысанда құтқарушылармен қатар, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері тұрақты түрде қызмет атқаратын болады. Бөлімше «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағындағы жағдайды бақылап, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
