Перейти к содержимому
Главная страница » «Таза Қазақстан»: 268 гектар аумақ тазартылды

«Таза Қазақстан»: 268 гектар аумақ тазартылды

Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Бүгін облыс аумағында «Таза бейсенбі» тазалық акциясы ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, өңір жастары және еріктілер қатысты.

Табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу мақсатындағы бұл шарада қатысушылар таңмен таласа Қапшағай су электр стансасы маңын қоқыстан тазартып, бірлесе әрекет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінде республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынмен қолдау табуда. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, тұтас облыс аумағында өткен «Таза бейсенбі» тазалық акциясына 22 427 адам қатысып, 495 тонна қалдық шығарылған. Сонымен қоса 268 гектар аумақ тазартылып, жұмысқа 262 техника жұмылдырылған.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бізде тазалық жұмыстары 17 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 395 мыңнан астам адам қатысып, 9 164 тонна қоқыс шығарылып, 5 502 гектар аумақ тазаланды. Әрбір елдімекеннің тазалығы тұрғындарға тікелей байланысты. Өйткені әрбір көше, әрбір аула, әрбір үй – сенің ауылыңның, қалаңның, ауданыңның айнасы» – дейді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы Әлина Түсіпбаева. Аталған жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында алда аймақ аумағында әрбір елді мекенде аулалар мен көшелерді тазалау, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жалғасын таппақ.

Ерзат АСЫЛ Қонаев қаласы