Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Балқаш аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі қызметкерлері тұрғындармен кері байланысты нығайтуға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда. Осы мақсатта Ақдала ауылында азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдауды Балқаш аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Махаббат Әбдікерімова өткізді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, құқық қорғау саласына қатысты сауалдарын қойды. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары мұқият тыңдалып, әрбір көтерілген мәселе бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өзекті мәселелерді заң аясында шешу жолдары түсіндіріліп, қажетті кеңестер берілді.
Қабылдау барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, алаяқтық қылмыстарының алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полиция өкілі құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, заң талаптарын сақтау қоғамдық қауіпсіздіктің басты кепілі екенін жеткізді.
Сондай-ақ тұрғындарға өз құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге бей-жай қарамау, күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде полицияға хабарлау қажеттігі айтылды. Ашық форматта өткен қабылдау барысында тұрғындар өз пікірлерін еркін түрде ортаға салып, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Мұндай кездесулер халық пен полиция арасындағы өзара сенімді нығайтып, тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Балқаш ауданының полиция бөлімі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, халықпен ашық әрі тиімді диалог орнату және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы


