Перейти к содержимому
Главная страница » Әлемге танылған тазы

Әлемге танылған тазы

Италия елінде әлемдік кинология көрмесі өтіп, біздің тазыларымыз көпшіліктің назарына ілікті. Оның ішінде Қаскелеңнен арнайы барған «Табиғат» деп аталатын ұлттық тұқым да болды. Иттің төресі Қазақстанның атынан халықаралық көрмеге қатысып қана қоймай, Дүниежүзілік кинология қауымдастығының жоғары бағасын алып, ең жас әлем чемпионы атанды. Ал жақында «Табиғатты» Үшқоңыр тауының маңайында серуендетіп жүрген, оның иесі Тимур Кәрімовпен арнайы танысудың сәті түсті.

Қарасай жерінен сонау Еуропаға аттанған тазы ит жайында айтпас бұрын алдымен Италияның Болонья қаласында өткен байрақты бәсеке жайында сөз қозғасақ. Қазақстан үшін маңызды оқиғаға айналған аталған шара «World Dog Show – 2026» деп аталды.
Қазақстан кинологтар одағының баспасөз хабарламасына сүйенсек, бұл көрме әлемдік кинология бағытындағы ең маңызды әрі беделді шара болып саналады. Ал оған жер-жаһанның әр түкпірінен білікті төрешілер, сарапшылар, тазы итті асыраушылар және ұлттық кинология ұйымдарының өкілдері арнайы қатысты.
Италиядағы халықаралық көрме­де Қазақстан­ның атынан ұлттық тұқымның бой көрсетуі кездейсоқ емес. Оған басты себеп – 2024 жылы әлемдік кинологияның басты алаңдарының бірінде FCI Халықаралық кинологиялық федерациясы тарапынан қазақ тазыларының таныстырылуы. Мұндай мүмкіндікті Қазақстан кинологтар одағы ескере отырып, «World Dog Show – 2026» көрмесіне қатысып, қазақтың тазы иттерін түпкілікті әлемдік деңгейде көрсетуді басты мақсат санаған. Осылайша FCI судьяларының IV дүниежүзілік конгресінде Қазақстан кинологтар одағы қазақы тазыға арналған арнайы дәріс ұсынды. Халықаралық төрешілер корпусына тұқымның тарихы, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен байланысы, тазының функционалдық мақсаты, тұқымдық типі, экстерьері, өзіне тән қозғалысы, темпераменті және рингтегі сараптамалық бағалау ерекшеліктері таныстырылды. Ал қазақ тазыларының «World Dog Show – 2026» көрмесіне қатысуының маңызды бөлігі ретінде Қазақстан кинологтар одағының қазақы тазыға арнайы дайындаған презентациялық стенді себеп болған. Ол осы көрменің дәл ортасында орналасып, алғашқы күннен бастап ең көзге түсетін әрі көпшілік жиналатын орындардың біріне айналды.
Аталған көрменің қоры­тындысына келер болсақ, Алматыдан барған «Челси» атты тазы «Үздік жас арлан» атанса, тақырыбымызға арқау болып отырған, Қарасай жерінен аттанған біздің «Табиғатымыз» осы көрмеде үздіктердің қатарынан табылды. Қысқаша айтқанда, екеуі де «Жас әлем чемпионы» деген атақты иеленді.
Ит төресінің осындай әлемдік деңгейде танылуына оны баптаған, қолға үйреткен қарасайлық Тимур Кәрімовтің еңбегін ерекше айтуға болады. Оның айтуынша, бұл әлемдік көрмеге қатысу кездейсоқ болмаған.
– Абай облысына қарасты Мақаншы ауылында балалық шағым өтті. Туған өлкеде бала кезден тазыға қатты құмар болып өстім. Өйткені нағашыларым осы тұқымды итті асырап, қызығу­шылығымды оятқан еді. 1997 жылы Қарасай жеріне қоныс аударып, біраз уақыт тазыға көңіл бөле алмадым. 2017 жылы қайта қолға үйретіп, одан кейін тағы бір себептермен қол үзіп қалдым. Ал 2020 жылы арнайы уақыт бөліп, жеті қазынаның бірі ретінде ұлттық тұқымды кеңінен дәріптеуді жөн көрдім. Сөйтіп, қолыма бір тазы итті үйрете бастадым. Бүгінде одан талай күшіктер тарады ғой. Соңғысында осы «Табиғатты» алып қалып, оны жақсылап баптап, қазақ иттерінің ішінде асыл тұқым ретінде дәріптеуді шештім, – дейді тазы иттің иесі Тимур Құсайынұлы.
Ал «Табиғаттың» әлемдік аренада көрінуіне басты себепкер болған Тимур ағаның ұлы – 13 жастағы Рамазан. Ол әкесіне үнемі қолқа салып, тазы иттердің көрмелерге қатысуына қызығушылық білдірген. Осылайша, қазақы тазы ит республика бойынша әртүрлі шарада бой көрсетіп, елдің назарына ілігіп, көрмелердің көбінде топ жарған. Мұндай жетістіктер Қазақстан кинологтар одағының назарына ілігіп, Италия елінде өткен байрақты бәсекеде бақ сынауға жол ашыпты.
«Табиғаттың» осындай дүниежүзілік деңгейде танылуына, әрине, Тимур Кәрімовтің үлесі зор. Алайда тазы иттің иесі бұл ойдан өзін аулақ ұстайды. Оның пікірінше, бұл – жалғыз бір адамның ғана емес, күллі қазақтың жетістігі. Себебі халқымыздың болмысында ит жеті қазына ретінде бұрыннан қасиетті саналған. Ал оны ұлықтау, дәріптеу – әрбір қазаққа жарасымды және мақтаныш!

Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы