Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысында 5 спорт кешені салынуда

Алматы облысында 5 спорт кешені салынуда

Алматы облысында 25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, спортты дамыту дирекциялары, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы және өзге де мамандандырылған мекемелер жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 25 мыңнан астам спортшы спорттың 67 түрі бойынша дайындықтан өтуде. Олармен 969 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл жайында Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а Жансерік Әдиахметов баспасөз мәслихаты барысында айтты.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 712 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 253 алтын, 195 күміс және 264 қола медаль бар.
Биылғы жылдың басты жетістіктерінің қатарында Дохада өткен стенд атудан Азия чемпионатында Эдуард Ещенконың Азия және әлем рекордтарын жаңартуы, Нью-Делидегі Азия чемпионатында жеті медаль иеленуі, сондай-ақ велоспорт, ушу, бокс, күрес, дзюдо және байдарка мен каноэде есу бойынша халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелер аталды.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Алматы облысында 1908 спорт нысаны бар. Оның ішінде соңғы жылдары пайдалануға берілген 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне қызмет көрсетуде.
«Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарында тағы бес спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ал 12 жаңа спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда»,-деп атап өтті Жансерік Әдиахметов.
Футбол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мәселен, Қарасай ауданында құны 1,5 млрд теңге болатын жаңа футбол базасының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Талғар ауданында Atletico de Madrid футбол академиясы жұмысын бастап, тағы бір халықаралық деңгейдегі KFF Academy by Almaty International Airport академиясының құрылысы жалғасуда.
«Балалар спортын дамытуға арналған АртСпорт бағдарламасы аясында биыл 2,5 млрд теңге бөлінді. Қазір облыста 238 спорт секциясында 10 371 бала тегін жаттығып жүр»,-деп сөзін сабақтады спикер.
Айта кетейік, бұқаралық спорт та қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері облыста 1583 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ал спортпен тұрақты түрде айналысатын тұрғындар саны 625 735 адамға жетіп, бұл облыс халқының 42,7 пайызы спортқа құмар деген сөз.
Ұлттық спортқа қызығушылық та артып келеді. Қазіргі уақытта облыста 776 секцияда 45,3 мың адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты шұғылданады. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі 6371 тұрғын спортпен жүйелі түрде айналысып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өскен.
Алматы облысында спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Басымдық жаңа спорт нысандарын салуға, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға, сондай-ақ халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлауға берілмек.