Іле ауданының Байсерке ауылында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Туған жердің тазалығын өз мәдениеті мен жауапкершілігіне балаған тұрғындар тазалық шарасына түгел қатысып, мыңнан астам адам қоршаған ортаны тазартумен ғана шектелмей, өз ұйымшылдығы мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетті.
Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының өкілдері, жастар, еріктілер, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары туған өлкенің тазалығы үшін бір кісідей жұмылып, ортақ іске үлкен үлестерін қосты. Сенбілік аясында Кіші Алматы өзенінің жағалауы мен Байсерке ауылындағы зират маңы қоқыстан тазарып, арнайы техникалардың көмегімен 45 тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылды. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде ауылдың бірқатар аумағы ретке келтіріліп, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға кезекті қадам жасалды. Тазалық жұмысының басы-қасында болып, сенбілікке қатысқан Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов мұндай акциялардың маңызы тек санитарлық тазалықпен өлшенбейтінін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру және тазалық мәдениетін қоғамның күнделікті өмір салтына айналдыру. Ол өз сөзінде:
– Байсерке тұрғындары бүгін бірлік пен ұйымшылдықтың нақты үлгісін көрсетті. Мыңнан астам адамның туған ауылдың көркеюіне үлес қосуы – елге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі. Ауданымызда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жүйелі түрде жалғасып келеді. Әр бейсенбі сайын барлық елдімекенде санитарлық тазалық және абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Тазалық – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз, – деді.
Сенбіліктен соң ауыл тұрғындары мен тазалық шарасына қатысушыларға арнайы ақ дастарқан жайылып, ыстық палау ұсынылды. Ауыл ақсақалдары жиналған көпшілікке ақ баталарын берді. Байсеркеде өткен бұл игі шара қоршаған ортаны тазартудың ғана емес, туған жердің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың ауызбірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісін аңғартты.
Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы


