2026 жылғы 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында Алматы облысының аумағында ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Hi-Tech» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – киберқылмыстардың алдын алу, интернет-алаяқтықтың жолын кесу, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Осы жедел-профилактикалық іс-шара аясында Ұйғыр аудандық полиция қызметкерлері тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертуде. Қазіргі таңда алаяқтар азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Ең жиі кездесетін әдістердің бірі – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып, «шотыңызға қауіп төніп тұр» деген желеумен SMS арқылы келген бір реттік растау кодын сұрату. Сондай-ақ белгілі компаниялардың атын жамылып, криптовалютаға немесе жалған инвестициялық жобаларға қаржы салуға үгіттейтін жағдайлар да жиілеп отыр.
Осыған байланысты аудандық полиция қызметкерлері интернет алаяқтардан сақтанудың жолдарын айтып, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын-алу жұмыстарын бастап кетті. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар таратылса, ауылдардағы учаскелік инстпекторлар әрбір үйді-үйді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізбек. Ауыл жастары мен атқарушы орган арқылы жиындар өткізіп, ауыл азаматтарын алаяқтардан сақтандыру үшін ақпараттар берілмек.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы


