Қонаев қаласында ерекше балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы басталды. Мұнда аутизм спектрінің бұзылыстары және церебралды сал ауруы бар жандарға көмек көрсетіледі. Одан бөлек жоба аясында көппәтерлі тұрғын үй мен қажетті инфрақұрылым нысандары бой көтереді. Ол үшін 120 млрд теңге инвестиция салынады. Кешен іске қосылғаннан кейін 2000 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Жоспар бойынша ауданы 30,0 га жер учаскесінде 350 мың шаршы метр тұрғын үй, балабақша, оңалту және ұзақ өмір сүру орталықтары мен жер асты автотұрағы салынады. Жобаны «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жеке инвестор «Eurasia Kunhuan Alatau Qurlys» ЖШС-мен бірге іске асыруда. Оңалту орталығында медициналық көмек беріліп, түзету-дамыту бағдарламалары ұсынылады, білім беру, психологиялық қолдау және отбасыларға кешенді қызмет көрсетіледі. Бұл өңірдегі әлеуметтік қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Маңызды жобаның басталуына орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «Eurasia Kunhuan Alatau Qurlys» ЖШС бас директоры Жянг Шаоюн нысанның іргетасына уақыт капсуласын салды.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде облыста әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуі мемлекет пен халықаралық бизнестің өзара серіктестігі мен қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігінің нақты көрінісі екенін айтты.

«Әлеуметтік қызмет көрсету үйі мен тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілетін бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс индустриясын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Орталықта ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жоба аясында салынатын белсенді ұзақ өмір сүру орталығының да маңызы зор. Бұл аға буын өкілдерінің, ардагерлеріміз бен қарияларымыздың қоғамдық өмірге белсене араласуына, денсаулығын нығайтып, бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған бірегей кеңістікке айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға бірдей мүмкіндік туғызуымыз керек. Біздің мақсатымыз – ешкімді шеттетпейтін, баршаға тең мүмкіндік беретін қоғам құру. Әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуі тиіс», – деп әлеуметтік саясаттың басты бағдарын нақты айқындап берді. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында біз өңірдегі балаларды қорғау жүйесін жетілдіріп, тікелей инвестицияларды дәл осындай адам капиталын дамытуға бағытталған маңызды жобаларға тартып отырмыз», – деді аймақ басшысы.
Марат Елеусізұлының айтуынша, мұндай бірлескен жобалар –Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Облыс әкімі осы бірегей бастаманы іске асыруға ниет білдірген «Eurasia Kunhuan Alatau Qurlys» ЖШС-на, сондай-ақ компанияның құрылтайшыларына өңіріміздің дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс айтты.

Инвестициялық компанияның директоры Жянг Шаоюн іргетасы қаланған нысан жай ғана құрылыс емес, әлеуметтік жауапершілікке негізделген бастама екенін тілге тиек етті.
«Біз әріптестік қағидасын ұстана отырып, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын белсенді қолдаймыз және өз тәжірибеміз бен технологиямызды Қазақстанның қала құрылысы мен әлеуметтік саласының дамуына бағыттауға дайынбыз. Заң талаптарын сақтай отырып, жоғары сапалы құрылыс жұмысын жүргізіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін бар күшімізді саламыз», – деді компания басшысы.

Жоба 2026-2034 жылдар аралығында іске асырылады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ерекше балалардың қоғамда еркін жүріп-тұруына, сапалы медициналық және психологиялық көмек алуына барлық жағдай жасалады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС


