Перейти к содержимому
Главная страница » Танымға толы

Танымға толы

Балаға бақытты балалық шақ сыйлау бір күннің ғана қызығы емес, бұл – ел болашағына жасалған маңызды инвес­тиция. Сондықтан Қарасай ауданын­да әрбір оқушының жазғы демалысын қауіпсіз, мазмұнды әрі пайдалы ұйымдас­тыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Жаз мезгілі – балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа білім мен әсер алатын, шығармашылық қабілеттерін дамытып, туған өлкесінің тарихы мен табиғатын танып-білетін ерекше кезең. Осыған байланысты Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен, төтенше жағдайлар қызметімен, полиция және денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Барлық білім беру ұйымына жазғы демалысты ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалуы тұрақты бақылауда.
Биыл Қарасай ауданының 56 мектебінде мектеп жанындағы жазғы танымдық алаңдар үш ауысымда ұйымдастырылып, өз жұмысын сәтті аяқтады. Нәтижесінде 1-4-сынып оқушы­ларының 94,5 пайызы жазғы танымдық алаң­дармен қамтылды.Жазғы алаңдарда балалар шығар­машылық үйірмелерге қатысып, кітап оқып, ұлттық ойындар ойнап, спорттық жарыс­тарда бақ сынады. Сонымен қатар экологиялық акциялар, танымдық кездесулер, патриот­тық және тәрбиелік іс-шаралар өткізілді.
«Туған жеріңнің тынысын таны» қағидаты аясында ұйымдастырылған өлкетану бағы­тындағы экскурсиялар оқушылардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты аялауға, тарихи-мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды.
Жазғы кезеңде оқушыларды еңбекке баулу мақсатында көгалдандыру және құрылыс-жөндеу бригадаларының жұмысы ұйымдастырылып, олар тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қоғамдық пайдалы еңбекке қатысу арқылы оқушылар еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, ұқыптылыққа тәрбиеленіп, туған өлкесінің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдас­тыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен 594 оқушының демалысын ұйымдастыруға 83,2 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде қалалық мектептердің 100 оқушысы Қонаев қаласындағы «Jellyfish» және Текелі қаласындағы «Эдельвейс» балалар сауық­тыру лагерьлеріне жіберіледі. Ал ауыл­дық мектептердің 494 оқушысына арналған мем­лекеттік сатып алу конкурсының қоры­тындысы бойынша жеңімпаз болып «Астра Глобал» ЖШС анықталды. Балаларды шілде айының ішінде Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы сауықтыру лагеріне жіберу жоспарланып отыр. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен 500 оқушыны жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамту қолға алынған. Бүгінгіде 150 оқушы Қарғалы ауылындағы «Самғау» жазғы сауықтыру лагерінде демалып, денсаулықтарын нығай­тып, түрлі мәдени-танымдық және спорт­тық бағдарламаларға белсенді қатысуда.
Балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырумен қатар олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да ерекше мән берілуде. Осы мақсатта 2026 жылғы 23 маусымда Долан ауылындағы жайлы мектеп базасында Қарасай ауданы прокуратурасы мен Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Zhastarmen: заң және тәртіп – балалар көзімен» атты тағылымды іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында оқушы­­лар заң тақырыбында сурет салып, спорт­тық эстафеталарға қатысып, өздерінің шығар­машылық қабілеттерін көрсетті. Белсенді қатысушылар сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында заңға құрметті, азаматтық жауапкершілікті және қоғам алдындағы парызын сезінуді қалыптастыруға ықпал етеді.
Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалы­­сын ұйымдастыру – қоғамның ортақ міндеті. Қарасай ауданында жүзеге асырылып жатқан әрбір жазғы бастама жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық әлеуетін дамытуға, еңбекке баулуға және туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған. Өйткені бүгінгі бақытты бала – ертеңгі білімді, елжанды, жауапты азамат. Ал балалардың жарқын жазы – Қазақстанның жарқын болашағына жасалған сенімді қадам.

Гүлнара Биқожаева,
Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы