«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алатау қаласының Даулет ықшам ауданында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланың санитарлық жағдайын жақсарту.
Сенбілікке Алатау қаласы әкімдігінің қызметкерлері, коммуналдық мекемелердің мамандары белсенді қатысып, аумақты абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында ықшам аудан көшелері, қоғамдық кеңістіктер, жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер жолдары мен жол жиектері тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, аумақтың жалпы көркі жақсартылды.
Тазалық жұмыстары барысында кездейсоқ қоқыстар жиналып, аумақтар ретке келтірілді. Бұл жұмыстар тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы – ел аумағында экологиялық жауапкершілікті арттыруға, табиғатты қорғауға және қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Осындай шаралар арқылы әрбір азаматтың туған жерге деген жанашырлығы артып, тазалық мәдениеті нығая түседі.
Алатау қаласында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қала аумағын таза ұстау, жасыл желектерді күтіп-баптау және қоғамдық орындардың көркін келтіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Алатау қаласының әкімдігі қала тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін еске салады. Осыған орай тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастауға, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және экологиялық бастамаларға белсенді атсалысуға шақырады. Таза қала – тұрғындардың денсаулығы мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялау әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.


