Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жоспардан тыс тексеруі нәтижесінде тұтынушыға орындалмаған асүй жиһазы тапсырысы үшін 1,35 млн теңге қайтарылды.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне асүй жиһазын дайындау және орнату қызметін көрсететін компанияға қатысты тұтынушыдан шағым келіп түсті.
Тұтынушы мен орындаушы арасында асүй жиһазын дайындау және орнату жөнінде шарт жасалып, тапсырыс беруші шарт талаптарына сәйкес 1 350 000 теңге көлеміндегі төлемді толық жүзеге асырған. Алайда орындаушы шартта белгіленген мерзімде өз міндеттемелерін орындамаған әрі тұтынушының ақшаны қайтару туралы талабын қанағаттандырмаған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарының бұзылу белгілерінің анықталуына байланысты Департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісі тарапынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталып, оған қатысты мемлекеттік ықпал ету шаралары қабылданды.
Департамент жүргізген жұмыстардың нәтижесінде тұтынушының бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 1 350 000 теңге толық көлемде қайтарылды.
Айта кету керек, Департаментке дер кезінде жүгіну тұтынушының құқықтарын ұзаққа созылған сот процесінсіз қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті еске салады: егер жұмыстар белгіленген мерзімде орындалмаса, орындаушы шарт талаптарын орындаудан немесе төленген қаражатты қайтарудан бас тартса, тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық департаментке жүгіне алады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірумен қатар, бизнестің өз тұтынушылары алдындағы жауапкершілігін арттырудың маңызды тетігі. Департаменттің жүйелі жұмысының нәтижесінде өңір тұрғындары тұтынушылық дауларды шешуде нақты құқықтық көмек алып, өз қаражаттарын қайтаруға мүмкіндік алуда.
СенбаеваДина, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы

