Перейти к содержимому
Главная страница » Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Зорлық-зомбылық – қоғамның тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қатерлердің бірі. Ол адамның денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына, өмір сүру сапасына, отбасы мен қоғамдағы қарым-қатынасына да кері әсер етеді. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік танытып, оның алдын алу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлемнің көптеген елінде өзекті болып отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар біздің елімізде де кездеседі. Көбіне зорлық-зомбылық отбасы ішінде орын алып, оның құрбандары әйелдер, балалар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар болып жатады. Алайда зорлық-зомбылық тек денеге күш қолданумен шектелмейді. Психологиялық қысым көрсету, қорқыту, бопсалау, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау да зорлық-зомбылықтың түрлеріне жатады.
Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңнамалар тұрақты түрде жетілдіріліп келеді. Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Құқық қорғау органдары әрбір өтінішке мұқият қарап, кінәлілердің заң алдында жауап беруін қамтамасыз етуге күш салып келеді. Бұл – қоғамда заң үстемдігін орнатудың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Дегенмен, зорлық-зомбылықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат мұндай жағдайға бейжай қарамауы тиіс. Егер көрші-қолаңнан, таныстарыңыздан немесе жақын ортаңыздан зорлық-зомбылық белгілерін байқасаңыз, үнсіз қалмай, тиісті мекемелерге хабарлаған жөн. Уақытында көрсетілген көмек бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін.
Зорлық-зомбылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – құқықтық сауаттылықты арттыру және жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу. Балаларға кішкентайынан өз құқықтарын білуге, өзгені құрметтеуге, дау-дамайды күшпен емес, өзара түсіністік пен диалог арқылы шешуге үйрету маңызды. Отбасында сыйластық пен сенімге негізделген қарым-қатынас қалыптасқанда ғана дені сау әрі қауіпсіз қоғам құрылады.
Психологтардың айтуынша, зорлық-зомбылықтың салдары ұзақ жылдарға созылуы мүмкін. Жәбірленушінің өзіне деген сенімі төмендеп, күйзеліске ұшырауы, қорқыныш сезімімен өмір сүруі ықтимал. Әсіресе балалардың психикасына тигізетін зияны орасан. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың да қауіпсіздігі үшін қажет. Әр адам өз құқықтарын біліп, заң аясында қорғана алуы тиіс. Егер адам зорлық-зомбылыққа тап болса, қорықпай құқық қорғау органдарына немесе тиісті әлеуметтік қызметтерге жүгінуі қажет. Ең бастысы – үндемеу. Себебі үнсіздік көбіне зорлық-зомбылықтың жалғасуына себеп болады.
Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады. Бір-бірімізге құрметпен қарап, заң талаптарын сақтап, адам құқығын жоғары бағалай білсек, зорлық-зомбылықсыз, әділетті әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ