Кеген аудандық ауруханасында талмай еңбек етіп, халықтың саулығы жолында тер төгіп жүрген білікті маманның бірі – Дәурен Бекен. Ол – Кеген ауылының тумасы.
Дәурен Ержанұлы 2014 жылы Талғар медициналық колледжін фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын аталмыш ауруханада вакцина қоймасының меңгерушісі болып бастайды. Бұл қызметті 2017 жылға дейін тиянақты атқарып, қоймадағы вакцина айналымын, сақталу талаптарын, есеп-қисап пен құжаттандыру жұмыстарын мұқият жүргізеді. Қазіргі таңда емхана бөлімінің статисі болып еңбек етеді.
Көп жылғы еңбегі мен адамгершілік қасиеті оны ұжымға ғана емес, ауданның да мақтанышына айналдырып отыр. Ауыл тұрғындарының ақ халатты абзал жанға деген құрметі ерекше.
– Иә, жас болса да Дәурен – өз ісінің білгірі. Өте қарапайым, кішіпейіл. Әсіресе қарт адамдарға үлкен құрметпен қызмет жасайды, – дейді Кеген ауылының тұрғыны Шеризат Мекебаев.
Тілдесу барысында жаны ізгі азаматтың туған жеріне деген шексіз махаббатын анық аңғардық. Білікті маманға Талдықорған қаласына шақырту да келген екен. Алайда ол бас тартып, ауылда еңбек етуді қалаған.
Кейіпкеріміз ауданда да медицина саласы қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда өңірде ем-домға қажетті барлық құрылғы бар. Бұрынғыдай емес, дәрігерлер де жеткілікті. Біздің басты мақсатымыз – халықтың саулығы үшін қызмет ету. Адамдарға қызмет жасап, жәрдемдесуден артық бақыт жоқ шығар, сірә! – дейді Дәурен Ержанұлы.
Айта кетейік, Дәурен Ержанұлы 2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, 2023 жылы Алматы облысы әкімінің және «АМАNАТ» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталған. Қызмет барысында талай жетістікке жеткен азамат үшін елдің алғысы марапаттан да жоғары. «Көшеде кездескен адамдар жылы жүзбен сәлем беріп, алғысын айтса, арқаланып кетесің», – дейді ол.
Дәурен білікті маман болуымен қатар отбасында бір ұлды тәрбиелеп отырған сүйікті әке. Ол қызметіне адал, антына берік азамат. Өзінің кәсіби біліктілігі арқасында аудандағы медицина саласының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

