Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысының 742 мыңнан астам тұрғыны Құрылтай сайлауында дауыс берді

Алматы облысының 742 мыңнан астам тұрғыны Құрылтай сайлауында дауыс берді

30 қаралым

Бүгін елімізде бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, Алматы облысындағы сайлаушылардың қатысу белсенділігі 71,17%-ды құрады.

Дауыс беру күні облыста 683 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлау барысын саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер тарапынан 3200-ден астам байқаушы және кандидаттардың сенімді өкілдері қадағалады. Бақылау сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап, бюллетеньдерді ұсыну, дауыс берудің аяқталуы мен оларды санауға дейінгі барлық негізгі кезеңдерді қамтыды. Алдын ала мониторинг қорытындысына сәйкес, дауыс беру барысы мен нәтижесіне елеулі ықпал ететін заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Байқаушылар сайлау учаскелерінде заң талаптары толығымен сақталғанын атап өтті.

Алматы облысындағы сайлау тек дауыс берумен шектелген жоқ. Қалалар мен аудандарда тұрғындар ерекше атмосфера қалыптастырды. Ең әсерлі шаралардың бірі әуеде, тіпті су бетінде өтті. Кәсіби парашютші Тимофей Меркулов дауыс беру орнына жақын маңға қонса, парапланшы Ескендір Жүнісов сайлау учаскесіне әуеден құлдилап жетті. Сондай-ақ көк аспанға үлкен әуе шары көтерілді. Қонаевта спортшылар Қапшағай су қоймасын желкенді қайықтармен кесіп өтіп, қалалық жағажайда флайборд-шоу ұйымдастырды.

Ал жерде оларға автокөлік жүргізушілері, мотоциклшілер, велосипедшілер мен шаруалар қосылды. Дрифт-шоуға қатысушылар спорт көліктермен келсе, «Эндуро» мотоклубының өкілдері мотошеру ұйымдастырды. Кәсіби велошабандоздар сайлау учаскесіне велосипедпен барды. Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары дауыс беруге тікелей егіс алқабынан тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларымен жетті.

Сайлау әртүрлі буын мен мамандық өкілдерін біріктірді. Дауыс беруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек ардагерлері, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының мүшелері, көпбалалы отбасылар және алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастар қатысты.

Өз таңдауын танымал спортшылар мен өнер майталмандары да жасады. Сайлау учаскелеріне Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары, бокс және басқа да спорт түрлерінен ұлттық құрама мүшелері, танымал жекпе-жек шеберлері мен ауыр атлеттер келді. Кейбір өнерпаздар дауыс беруден кейін тұрғындар алдында өнер көрсетті.

Заманауи технологиялар да сайлау қызығын қыздыра түсті. Қонаевта дауыс берушілерді үш тілде сөйлейтін роботтар қарсы алса, суретші шәкіртімен бірге сайлау учаскесіндегі оқиғаларды қағазға бейнеледі. Қарғалы ауылында тұрғындар медициналық тексеруден тегін өтіп, мамандардан кеңес алды.

Осылайша, күні бойы өңірде әуе мен судағы шаралардан бастап, спорттық, мәдени және ұлттық сипаттағы ондаған бастама жүзеге асты. Оларға түрлі жастағы және әртүрлі мамандықтағы тұрғындар қатысты. Бұл шаралар дауыс беру күнінің қоғамдық маңызын айқындай түсті.

Сағат 20:00-де дауыс беру аяқталды. Сайлау комиссиялары дауыстарды санауға және хаттамаларды рәсімдеуге кірісті. Сайлаудың түпкілікті нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясы заңнамада белгіленген мерзімде анықтайды.

Алматы облысының ӨКҚ