Іле ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр. Кезекті сенбілік қарсаңында Іле ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Данияр Сарымбеков тұрғындарды экологиялық бастамаға белсенді қатысуға шақырды.
Оның айтуынша, қоршаған ортаның тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – азаматтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші.
– Таза аудан – әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталады. Бір тал отырғызу, өз аулаңды таза ұстау немесе көше бойындағы қоқысты жинау – туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Барша аудан тұрғындарын кезекті сенбілікке қатысып, Іле ауданын бірге таза әрі көрікті етуге шақырамын, – деді Данияр Сарымбеков.
Айта кетейік, биыл Іле ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 23 санитарлық тазалық сенбілігі өткізілді. Экологиялық іс-шараларға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорындар, еріктілер мен аудан тұрғындарын қоса алғанда 54 355 адам қатысты. Сенбіліктерге 507 арнайы техника жұмылдырылып, 1 518,8 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар аудан аумағында 25 773 ағаш отырғызылып, көшелер, саябақтар, арық жүйелері, жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық орындар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, Іле ауданында анықталған 23 заңсыз қоқыс орнының барлығы толық жойылды. Ал акция аясында атқарылған жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде 1 683 ақпараттық материал жарияланып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту.

