Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұлттық құндылық пен мәдениет – ел руханиятының тірегі

Ұлттық құндылық пен мәдениет – ел руханиятының тірегі

36 қаралым

Президенттің 2026 жылғы Жолдауында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуымен қатар, қоғамның рухани тұтастығы, ұлттық бірлік пен азаматтық жауапкершілік мәселелеріне де ерекше мән берілген. Менің ойымша, мемлекеттің дамуы тек жаңа өндіріс орындарын ашумен немесе инфрақұрылымды жаңғыртумен өлшенбейді. Оның рухани негізі де мықты болуы керек.


Мәдениет саласының қызметкері ретінде Президенттің өңірлерде мәдениет нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі бастамасын ерекше қолдаймын. Жолдауда ел көлемінде білім беру, спорт және мәдениет бағытындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысын бастау қажеттігі айтылды. Бұл – ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Еңбекшіқазақ ауданы – мәдениеті мен дәстүрі бай, ән мен күй, жырды жалау еткен өнерпаздары көп өңір. Ауданымыздағы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істеп, өнерлі жастардың өсуіне үлесін қосып отыр. Халықтың рухани байлықпен сусындап, ата-бабадан жалғасқан саф өнеріміздің ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетуі осындай тәрбиеден бастау алады. Аудандағы барлық мәдениет үйлері мен клубтарда түрлі концерттер, ұлттық мерекелер мен танымдық іс-шаралар жиі өткізіледі. Бұдан бөлек, бұл мекемелер тек мәдени іс-шара ұйымдастыратын орын ғана емес, ауыл тұрғындарының басын біріктіретін, жас таланттарды тәрбиелейтін рухани орталық екені рас.
Осы орайда Президенттің «Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек» дегені, әрі осындай аса қажетті нысандардың құрылысын тез арада бастап, қолданысқа беру керектігі туралы айтқаны құба-құп.
Біздің міндетіміз – мәдени мұраны сақтап қана қоймай, оны келер ұрпаққа жеткізу. Ауылдардағы мәдениет ошақтарының материалдық базасы жаңарып, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалса, өңіріміздің рухани өмірі де жандана түседі.
Елдің болашағы – рухы биік, саналы, білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан экономикалық өрлеу мен рухани жаңғыру қатар жүруі керек деп есептеймін.

Бауыржан ШАЯХМЕТОВ,

Т.Молдағалиев атындағы Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйінің директоры

↑