Перейти к содержимому

Ардагердің ақ батасы

110 қаралым

«Батаменен ер көгерер» деген қағиданы санасына мықтап түйген қазақ әр ісін батасыз бастамағаны анық. Шеңгелді ауылдық округіндегі №956 сайлау учаскесінде таңмен таласа келген  ел ағасы Амангелді  Беспаев дауыс беруге келген тұрғындарға ақ батасын берді.

Саналы ғұмырын ұстаздыққа, ел басқару ісіне және қоғамдық жұмыстарға арнаған ақсақал сайлаушыларға амандық, елге бірлік пен береке тілеп, игі ниетін білдірді. «Бүгін – еліміз үшін тарихи сәт. Біз, аға буын өкілдері, әрдайым елдің тағдырына бейжай қараған емеспіз. Сондықтан Құрылтай  сайлауына  келіп, өз таңдауымды жасадым. Ертеңіне  сенімді қадам  басқан  елдің   болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу – әр азаматтың парызы деп ойлаймын»,–  деді  ел ағасы. 83 жастағы Амангелді Дәнебекұлы бүгінде қоғамдық өмірге белсене араласып, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты бастамаларға атсалысып келеді.

Бүгін Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы басталды. Қала бойынша 31 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 26-сы ашық, 5-еуі жабық учаске. Ал 6 сайлау учаскесі Шеңгелді ауылдық округінің елді мекендерінде орналасқан.

Қонаев қаласы бойынша сайлаушылар тізіміне 45 365 азамат енгізілген. Сайлау комиссияларының құрамында 215 адам жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі 154 сайлаушыға дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалған. Учаскелер пандустармен, арнайы кабиналармен және тиісті техникалық құралдармен жабдықталған. Қала мен Шеңгелді ауылдық округіндегі 22 сайлау учаскесінде сайлаушылар дерекқорына қолжетімді онлайн-сервис іске қосылған.