Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаның бірінен саналатын Құрылтай депутаттарының сайлауында Қонаев қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда орналасқан №933 сайлау учаскесінде облыстық Ауған соғысы ардагерлері одағының атынан байқаушы болып қатысып отырмын.
Өтіп жатқан сайлау барысында өзіме жүктелген міндетті атқару үшін сайлау учаскесіне сағат 6:00 де келдім. Сағат 7:00-де сайлау учаскесінің жұмысы ресми түрде басталды. Еліміздің Мемлекеттік Гимні шырқалған соң учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қаламқас Жуанышева баршаны маңызды саяси науқанның басталуымен құттықтады. Сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген Баян Қайырбекова мен Ақмарал Серікбаева есімді сайлаушылар азаматтық таңдауын жасап, белсенділік танытты.
Аталған сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне сәйкес 1602 адам дауыс беруі тиіс. Учаскеге бекітілген шағынауданда тұратын сайлаушылар саяси науқанға белсене қатысуда. Түске дейін дауыс беруге келген адамдар қарасы мол болды. Сағат 17:00-ге дейін мыңға жуық сайлаушы келіп, таңдауын жасап үлгерді.
Сайлаушылар арасында алғаш рет дауыс беріп отырған 18 жасқа толған жастардың да болуы көңіл қуантады. Бұл – жас буынның елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын анық аңғартады. Ел болашағына деген жауапкершіліктің алғашқы қадамын жасаған жастар үшін бұл тарихи күннің ерекше есте қалатыны даусыз.
Байқаушы ретінде сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысындағы барлық жұмыстың талапқа сай өтіп жатқанын атап өткім келеді. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда. Ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Ешбір дау-жанжал туындамады. Осылайша Қонаев қаласындағы №933 сайлау учаскесіндегі ашықтық нақты іспен көрініс табуда.
Бахытбек ДАВЛЕТОВ,
байқаушы
Қонаев қаласы