Хантәңірі етегіндегі Нарынқолды кім білмейді?! Бұл туралы деректі прозаның дүлдүлі, журналист-жазушы Жанболат Аупбаев өзінің бір дүниесінде былай деп жазғаны бар: «Нарынқол – тарихи оқиғаларға бай өлке. Сонымен бірге талай тамаша талант иелері өмірге келген жер. Ал тамылжыған табиғаты ше?! Қойнауындағы қазба байлықтары… Сөз ретіне қарай бұл өңірдің тағы бір ерекшелігін де атап айта кеткен жөн. Ол осы Аспантау аймағының мемлекеттік шекара шебінде тұрғандығында. Иә, солай. Өзіміз сөз еткелі отырған өлке тәуелсіз Қазақ елінің Қытаймен, сосын Қырғызстанмен арадағы жер межесін айқындайтын оңтүстік шығыстағы шеткі нүктесі…» Міне, солай! ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Нарынқол» шекара бөлімшесінің шекарашылары өздерінің азаматтық борыштарын өтеп жүрген Аспантау осындай ерекшеліктерге ие.
…Жақында «Нарынқол» шекара бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы майор Руслан Қыдырмолдаұлының ұйытқы болуымен, сарбаздар өңірдің көпті көрген ардагерлерінің бірімен кездесті. Мұндай тағылымды кездесу туған жеріміздің шекарасын жаудан қорғау үшін аттан түспеген батыр бабаларымыздың ерліктерін есте сақтап, өскелең ұрпақты патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу мақсатнда ұйымдастырылды.
Ел шебіндегі қызмет – борышын өтеу үшін ғана емес, сонымен бірге шекарашы мамандығының мақтаныш екенін айқын көрсетеді. Біз Шекара қызметінің – элита екенін жазудан, айтудан шаршамаймыз. Өйткені, шындығында да солай. «Шекараны – бүкіл ел қорғайды» қағидасы да біздің сөзімізді пісенттей түседі. Бала кезінен шекарашыларды көріп, олардың ел шетіндегі қызметтерінің қаншалықты ауыр екенін сезініп өскен бозбаланың уақыты келгенде шекарашы мамандығын таңдауын да кездейсоқтыққа баламайтынымыз да сондықтан. Нарынқолдық сарбаздармен кездескен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев та шекара мен шекарашылардың әр жылдардағы ерліктері туралы әріден әңгіме қозғап, жастарды жақсы әсерге жетелеп отырды. Сонымен қатар, бүгінгі тағылымы зор кездесуде Райымбек ауданының 90 жылдық тарихына тоқталған Бекболат ағамыз бөлімше қорына танымал ақын-жазушылардың Аспантау жайлы жазған кітаптарын сыйға тартты. Ғажабы сол, сарбаздардың қолына тиген шығармалардың авторлары осы өңірден түлеп ұшқандар. Біз шығармашылығын ерекше құрметтейтін Жанболат Аупбаев та Нарынқолдан. Ал «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» деген өлмес туындылардың авторы Бердібек Соқпақбаев Нарынқолдан шамамен жарты сағаттай жердегі Қостөбеден… Айналып келгенде, Нарынқол мен Қостөбе де Аспантаудың етегіндегі тарихтары тереңге кеткен ауылдар.
Шара соңында «Нарынқол» бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы майор Р.Қыдырмолдаұлы жас ұрпақ үшін берері мол кездесу өткізуге қолдау білдірген Райымбек ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жәмила Қоқымбаева мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаевқа жеке құрам атынан алғыс білдірді. «Мұндай кездесулер – ардагерлердің әңгімесін тыңдау ғана емес, сонымен бірге еліміздің патриоты болып қалыптасуына мүмкіндік береді», – деді офицер.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы


