Жамбыл ауданында Құрылтай сайлауын қоғамдық бақылауға «Әділет» партиясының өкілдері де тартылды. Гүлнәр Темірханова аталған ұйымның мүшесі ретінде сайлауға байқаушы ретінде қатысты. Ол Ұзынағаш ауылындағы №263 сайлау учаскесінде дауыс беру үрдісін таңертеңнен бастап қадағалады.
Оның айтуынша, дауыс беру үрдісі Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» Заң аясында белгіленген тәртіппен өтуде. Азаматтар тарапынан да, жауапты қызметкерлер тарапынан да ешқандай заңбұзушылық байқалған жоқ.
«Бұл сайлау учаскесінің жұмысы жақсы ұйымдастырылыпты. Дауыс беруге келген адамдар комиссия мүшелеріне жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп, тиісті бюллетень алып, оны жабық кабинада белгілеп, арнайы жәшікке салып кетіп жатыр. Келушілерде таңертеңнен бері толас жоқ. Соған қарағанда азаматтардың белсенділігі жоғары екенін байқадым», – дейді қоғамдық байқаушы Гүлнәр Темірханова.
Аталған сайлау комиссиясының төрағасы Гүлмира Алманханқызының айтуынша, бұл учаскеде дауыс беруге құқығы бар 2589 сайлаушы тіркелген.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы