Кез келген қоғамның болашағы бүгінгі бала тәрбиесіне байланысты. Жасөспірімнің заңға деген көзқарасы, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы және айналасындағыларды құрметтеуі ең алдымен отбасында қалыптасады. Ата-ананың балаға уақыт бөлуі, оның қызығушылығын білуі және достық ортасына назар аударуы – профилактиканың маңызды бөлігі. Жасөспірім өзін тыңдайтын және түсінетін адам бар екенін сезінген жағдайда түрлі теріс ықпалдарға қарсы тұруы жеңілдейді. Мектептегі тәрбие жұмысы да осы міндетпен сабақтас. Балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, жауапкершілік ұғымын қалыптастыру қажет.
Құқықбұзушылықтың алдын алу жазалаудан бұрын тәрбиеден басталады. Сондықтан баланың әрбір әрекетіне дұрыс бағыт беріп, оның бойына адалдық, тәртіп және жауапкершілік қасиеттерін сіңіру маңызды. Саналы тәрбие алған ұрпақ – қауіпсіз қоғамның негізі. Балаға бүгін берілген дұрыс бағыт ертең оның өмірлік ұстанымына айналады.
Құралбек СӘБИТОВ

