Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тамыз конференциясы өтті. Биыл бұл басқосу «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбына арналды. Жиында білім беру саласында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар айқындалды.
Конференцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудан-қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері және педагогтер қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев жүргізді.
Конференция барысында білім сапасы мен педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, цифрландыру және тәрбие жұмысы сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Марат Сұлтанғазиев өңірде білім беру саласын дамытудың үш негізгі бағыты бар екенін айтты. Біріншіден, жаңа конституциялық талаптарға сай үшауысымды мектептерді жою, заманауи білім ошақтарын салу және цифрлық сауаттылықты дамыту керек. Екіншіден, өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру маңызды. Үшінші бағыт – еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
«Ата Заңымыз әрбір баланың білім алу құқығына кепілдік береді. Ал «Келешек мектеп», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар осы құндылықтарды нақты іспен жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әр балаға тең мүмкіндік беру, заң мен тәртіпті құрметтейтін азамат тәрбиелеу және еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Менің басты ұстанымым – әрбір бала сапалы білім мен саналы тәрбие алуға тиіс. Бұл – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция», – деді аймақ басшысы.
Марат Елеусізұлы сондай-ақ білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, биыл облыста білім саласын қаржыландыру 458,2 млрд теңгеге жетті. Оқушылар санының жыл сайын 7-10 мыңға артуына байланысты педагогтерге де сұраныс өсіп отыр. Осыған байланысты жалақы қорына жыл сайын қосымша 7 млрд теңге бөлінуде.
2026-2027 оқу жылында облыстағы 502 жалпы білім беретін мектепте шамамен 385 мың бала білім алады. Оның 35 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары.
Соңғы төрт жылда облыста 75 жаңа мектеп пен 6 қосымша ғимарат пайдалануға берілген. Нәтижесінде үшауысымды мектептер саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды, шалғай елдімекендерден 5 821 оқушыны тасымалдау мәселесі шешілді.
Қыркүйек айынан бастап облыста «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бес жаңа мектеп жұмысын бастайды. Олар Алатау қаласының Қоянқұс, Іле ауданының Тілендиев ауылында, Қарасай ауданының Бұлақты және Еңбекшіқазақ ауданының Сатай мен Ащысай ауылдарында орналасқан. Нәтижесінде үш мектептегі үшауысымды оқыту мәселесі толық шешіліп, тағы екі мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылады. Сонымен қатар 10 мектеп күрделі жөндеуден кейін оқушыларды қайта қабылдайды.
Алдағы уақытта Алматы агломерациясы аясында елдімекендерде жаңа мектептер салу жоспарлануда. Облыс әкімдігі қажетті жер учаскелерін анықтап, Алматы қаласының әкімдігімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алдын ала құны 41,8 млрд теңге болатын бес мектеп салу көзделуде. Бұл жобалар облыста тұратын, бірақ Алматы қаласында білім алып жүрген шамамен 16 мың баланың тұрғылықты жеріндегі білім ошақтарында оқуына мүмкіндік береді. Жоспар бойынша екі мектеп Алатау қаласының «Жаңадәуір» шағынауданында және Іле ауданының Екпінді ауылында, тағы екі мектеп Қарасай ауданының Көксай және Қырғауылды ауылдарында, бір мектеп Талғар ауданының Тұздыбастау елдімекенінде салынады. Бес мектептің жалпы сыйымдылығы 5 100 орынға шақталған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұмановтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 5 білім ошағы Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енген. Ал дарынды балалардың 3 жылдағы жүлделі орындарға ие болудағы сапа көрсеткіші 54 пайызға артты. Өткен оқу жылында пәндік олимпиадаларға 541 оқушы қатысып, 303 жүлделі орын қанжығаға байланды. Халықаралық байқауларда 29 оқушы жеңімпаз атанды. Екі жыл қатарынан облыс түлектері ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинады. Ал өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасы 68,9 пайыздан 69,5 пайызға өсті.
Өңірде 34767 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде біліктілік санаты бар педагогтардың үлесі – 74,8%. Ал жаңа форматтағы біліктілік санатына ие мұғалімдер саны биыл 28,2%-ды құрап, 7,1%-ға өскен.
Білім ошақтарында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Биыл 350 мың оқушының қатысуымен «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы, мектеп түлектері мен танымал тұлғалардың қатысуымен «Бүгінгі күн – ертеңгінің өркені» және «Жайна, туған өлкем!» челлендждері ұйымдастырылған.
Қайрат Ізбасарұлы мектепке дейінгі білім беру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Өткен жылғы маусымнан бастап Қонаев қаласында 24 мектепке дейінгі ұйымда 2 951 орынға ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде балабақша кезегіндегі балалар саны 963-тен 470-ке дейін азайды. Сонымен қатар ата-аналарға қолдау көрсету үшін 365 кеңес беру орталығы жұмыс істеп, «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7 223 бала мектепке дейінгі даярлықтан өтті.
Биыл өңірде еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтарды ашуға 500 млн теңге бөлінді. Колледждердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Студенттер түрлі сайыстарда топ жарып, үздік нәтиже көрсетуде. Мысалы, «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында облысымыздың 12 студенті жүлделі орындарға ие болған. Колледждердің Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия және басқа да мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен халықаралық байланыс орнатуы студенттер мен педагогтердің тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Облыста жастардың білімін жетілдіру – маңызды бағыттардың бірі. Соңғы төрт жылда жергілікті бюджет есебінен 239 грант бөлінді. Биыл тағы 35 грант қарастырылған. Сонымен қатар ҚХР ұсынған білім гранттары арқылы 2024 жылдан бері 65 түлек Қытайда оқып жатыр.
Конференцияда бала қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтанның мәлімдеуінше, Талғар ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» азаматтық тәлімгерлік пилоттық жобасы іске асырылған.
«Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қатысып, прокуратура, полиция және адвокатура органдарының 13 ардагері тәлімгер ретінде тартылды. Олар 7-10-сынып оқушылары мен колледж студенттерімен құқық тақырыптарында пікірталас, тренинг және профилактикалық кездесулер өткізді. Нәтижесінде оқушылардың құқықтық білімді меңгеру деңгейі 90 пайыздан асты», – деді аға прокурор. Биыл бұл бастамаға тағы 35 ұйым қосылмақ. Жоба сондай-ақ буллинг пен кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың және басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Осыған байланысты Марат Елеусізұлы білім, полиция және денсаулық сақтау салалары бірігіп әрекет ету керегін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Цифрландыру тақырыбы да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Білім саласындағы қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында «Есеп» бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Жиын барысында Айқожа Әбсадықов еліміздегі білім саласында енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, оқу бағдарламалары кешенді түрде қайта қаралған. Биылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады. 5-9-сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріліп, 8-9-сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына 2 сағат көлемінде енгізу қарастырылуда.
Жиын соңында өткен оқу жылының қорытындылары мен жаңа оқу жылына арналған міндеттер сараланып, конференцияның қарары қабылданды. Сондай-ақ білім беру саласында еселі еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен дараланған ұстаздар «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болған Қалгүл Ізтілеуова. Тәжірибелі ұстаздың бұған дейін де алған мәртебелі марапаттары жетерлік. Дегенмен ол ең бағалы сыйлық – шәкіртіңнің жетістігін көру екенін айтады.
«1994 жылдан бері Қарасай ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін. Еңбегімнің бағаланып, құрметке бөленіп жатқаныма өте қуаныштымын. Мұғалім үшін білім берген оқушысының биік белестерді бағындырып, жетістікке қол жеткізгенін көруден асқан бақыт жоқ. Осындай жанкешті әріптестерімді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын», – деді ұстаз.
Гүлзат БАЙҚОНЫС


