Перейти к содержимому

Бірлікпен жасалған таңдау

69 қаралым

Ұйғыр ауданындағы «Қарадала орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері бүгін Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады. Күнделікті орманның тыныштығын күзетіп, табиғатты қорғау жолында еңбек етіп жүрген мекеме ұжымы бұл күні де бірлігін танытып, Шонжы ауылындағы №926 сайлау учаскесіне бірге барды.

Қызметкерлер үшін бұл сайлауға қатысу – ел өміріне бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдірудің бір көрінісі. Сондықтан бүгінгі сайлауда мекеме қызметкерлерінің әрқайсысы өз таңдауын жасап, елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтындықтарын аңғартты.

Мекеме басшысы Айдос Адабайұлы да ұжымымен бірге дауыс беріп, сайлаудың маңызы туралы пікірін айтты. «Бүгін – баршамыз үшін маңызды күн. Елдің ертеңіне қатысты таңдау жасау – әр азаматтың жауапкершілігі деп ойлаймын. Біздің ұжым да бір кісідей сайлауға қатысып, өз азаматтық міндетімізді орындадық. Қай салада еңбек етсек те, бәріміздің тілегіміз бір – еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын. Орман шаруашылығының қызметкерлері табиғатты қорғаумен қатар, туған жердің игілігіне өз еңбегімізбен үлес қоса береміз», – деді Айдос Адабайұлы.

«Қарадала орман шаруашылығы» ұжымының сайлауға ұйымшылдықпен қатысуы – елдік мәселеге келгенде ортақ мақсат пен бірліктің маңызы зор екенін көрсетті. Ел болашағы үшін жасалған әрбір таңдау маңызды. Ал татулық пен бірлік бар жерде берекелі тірліктің де берік болары анық.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы