Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ел мақтанышы Әсем Орынбай  өз таңдауын жасады

Ел мақтанышы Әсем Орынбай  өз таңдауын жасады

62 қаралым

Еліміздің белгілі спортшыларының бірі – Азия ойындарының чемпионы, әлем кубогының жеңімпазы әрі рекордшысы, стенд атудан ұлттық құраманың көшбасшысы Әсем Орынбай өзінің азаматтық таңдауын жасады.

Спорттық мансабы барысында ол талай мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатты. Оның есімі стенд атудан ірі жеңістермен, ұлттық рекордтармен және жарқын өнер көрсетулермен тығыз байланысты.

Бүгінде спортшының алдында жаңа мақсаттар тұр. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Әсем Орынбай 2026 жылы Жапонияда өтетін XX Азия ойындарында ел намысын қорғауға дайындалып жатыр. Алдағы дода қазақстандық стенд ату мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдемек.

– Спорттағы әрбір нәтиже тәртіпті, жинақылықты және бар күш-жігерді талап ететіні сияқты, сайлауға қатысу да ел алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Дауыс беру – Қазақстанның тұрақты әрі сенімді болашағына қосатын ортақ үлесіміз. Әрқайсымыз өз таңдауымызға жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді Әсем Орынбай.

Өңіріміздің спортшылары халықаралық аренада жеңістерге жетіп қана қоймай, өздерінің жеке үлгісі арқылы ел өміріне белсенді араласудың, жоғары патриотизмнің үлгісін көрсетіп келеді.

Бүгін Әсем Орынбай тағы да өз таңдауын жасады. Бұл жолы ол спорт алаңында емес, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз ұстанымын білдірді.

Алда спортшыны жаңа жарыстар, қызу дайындық және үлкен мақсат – Жапонияда өтетін Азия ойындарында Қазақстанның намысын абыроймен қорғау күтіп тұр.