Перейти к содержимому

Қазына қарттардың тағылымы

71 қаралым

Ұйғыр ауданындағы сайлау учаскелерінің біріне аудандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» қариялар бірлесе отырып, дауыс беруге барды. Олардың арасында тоқсанның төріне шыққан қазына қарттар да бар. Олар үшін бұл күн жай ғана дауыс беру рәсімі емес, түрлі дәуірлерді жалғаған тағылымды сәтке айналды.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен қариялардың әрқайсысының артында өлшеусіз еңбек, ұрпақ тәрбиесі және туған өлкенің қалыптасу тарихы жатыр. Сайлау учаскелеріне келген ақсақалдар жастық шағындағы естеліктерімен бөлісіп, бұрынғы салт-дәстүр мен ауыл өмірінің өзгерістері туралы әңгімеледі.

Орталықтың белді мүшесі Әділхан апамыз бүгінгі күннің маңызына ерекше тоқталып, аналық лебізін білдірді. «Алдымыз тоқсанды алқымдап, ең жасымыз жетпістен ассақ та бүгінгі сайлауға дауыс беруге арнайы келдік. Біздің дәуреніміз өтті деп қарап жатпай, болашағымыз жарқын болсын деген ниетпен әрқайсысымыз өз таңдауымызды жасадық. Отызға тарта орталықта қызмет алатын өзім құралпы қариялардың үйінде бала-шағасы, немере-шөбересі бар. Отыз қарттың артында жүзден артық ұрпағымыз бар. Міне, біз сол ұрпағымыздың қамы үшін, солардың келешегі үшін дауыс бердік. Сондықтан да жаспын, қартпын демей, сайлауға келіп дауыс берейік», — деп Әділхан апамыз ойын айтты.

Әдемі киімдерімен, әдемі келбеттерімен сайлау учаскесіне келіп дауыс берген қариялар елдің назарын аударды. Кезінде бірі білім саласында, бірі мемлекеттік қызметте, енді бірі отбасының берекесі болып отана атанған қариялар әлі күнге белсенділіктерін танытып, барша тұрғындарды дауыс беріп, сайлауда жауапкершілік танытуға шақыруда.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ