Перейти к содержимому

Қос қуаныш

108 қаралым

Бүгін – Ұйғыр ауданының тұрғындары Айдарханов Айбек пен Оразбаева Айнұр үшін өмірлеріндегі есте қалар ерекше күндердің бірі. Бір жағынан – ел үшін маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын жасаса, екінші жағынан – өмірлік жарларын тауып, отбасылық өмірге қадам басуда. Қос қуаныш қатар келген бұл күнді жас жұп ерекше көңіл күймен қарсы алды.

Тойдың қамымен жүрсе де, Айбек пен Айнұр азаматтық міндеттерін де ұмыт қалдырмады. Олар сайлау учаскесіне арнайы барып, өз таңдауларын жасап, ел болашағына қатысты пікірлерін білдірді. Сайлау учаскесінен шыққан соң, енді ұзату тойының қуанышты сәттеріне асықты.

 «Бүгін біз үшін қуанышы мол, ерекше күн болып тұр. Болашақ жарымды ата-анасының қолынан ұзатып алып, шаңырағыма қондырмақпын.  Сонымен қатар дәл осы күні елдің маңызды науқанына қатысып, дауыс бергеніміз де көңілімізге ерекше әсер сыйлады. Екеуіміз үшін бүгін қос қуаныш қатар келіп отыр. Елге де, өзімізге де жақсы күн болсын деп тілейміз. Алдағы өміріміз берекелі, еліміз аман болсын», – дейді Айбек.

Ал Айнұр үшін ұзату тойының алдында сайлауға қатысу жүрегінде жылы естелік болып қалары анық. «Бүгінгі күнді ұмытпаймын. Бір жағынан, туған үйімнен ұзап, жаңа өмірге қадам басып жатырмын. Екінші жағынан, ел үшін маңызды күнде өз дауысымды бердім. Сондықтан бұл күн мен үшін қос қуанышқа толы ерекше күн болды», – дейді Айнұр.

Сайлау учаскесінен ақ тілегін арқалап шыққан жас жұпты енді тойдың думаны күтті. Қос қуаныш қатар келген бұл күн Айбек пен Айнұрдың отбасылық тарихындағы ең әдемі естеліктердің біріне айналары сөзсіз. Елдің болашағына қатысты жасалған таңдау мен өмірге жасалған жаңа қадам тоғысқан бұл күн – олар үшін шын мәнінде ерекше күн болмақ.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы