Бүгінгі ел тағдырына әсер ететін маңызды оқиға – Құрылтай депутаттарын сайлаудан ардагер ұстаздардан құралған өнегелі Қыдыралиевтер әулеті де шет қалған жоқ. 45 адамнан тұратын үлкен әулет өздерінің №481 сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық таңдауын жасады.
Үлкен әулеттің ақсақалы Абай Қыдыралиұлы Жұбаниязов – Жібек жолы ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Ол сайлау учаскесіне балаларымен, күйеу балаларымен, келіндерімен, немере-шөберелерімен бірге келді.
Ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген ақсақал ел өміріндегі осындай тарихи сәттерде мемлекет тағдыры мен кейінгі ұрпақтың болашағы айқындалатынын жақсы түсінеді. Сондықтан ол бұл маңызды күнге бүкіл отбасымен бірге қатысуды жөн көрген.
– Тәрбие беруде жеке өнегенің маңызы зор. Өйткені балалар үлкендердің сөзі мен ақыл-өсиетінен гөрі, олардың нақты іс-әрекетінен үлгі алады. Бүгін біз жас ұрпаққа еліміздің қоғамдық өміріне белсенді қатысудың азаматтық үлгісін көрсеттік. Осы өнегенің олардың жүрегінде өмір бойы сақталып, болашақта елімізде болып жатқан маңызды оқиғалардың бел ортасынан табылуына ықпал етсе екен деймін, – деді ақсақал.