Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы №860 сайлау учаскесінде өнер қайраткері, облыстық филармония басшысы Сәбит Әбдіхалықов Құрылтай сайлауында азаматтық таңдауын жасады.
Өнер саласында еңбек етіп, үлкен шығармашылық ұжымға жетекшілік етіп отырған басшы үшін ел өміріндегі маңызды қоғамдық үдерістерге қатысу – азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.
Сәбит Әбдіхалықов сайлау күнінің маңыздылығына тоқталып, әр азаматтың ел болашағын қалыптастыруда өзіндік үлесі бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтың өз құқығын пайдаланып, саналы таңдау жасауы – қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңызды бөлігі.
«Елдің болашағы – әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сайлау – өз ұстанымымызды білдіруге берілген маңызды мүмкіндік. Әсіресе жас ұрпақ ел өміріндегі осындай қоғамдық үдерістерден шет қалмай, азаматтық көзқарасын қалыптастырып, өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Сәбит Әбдіхалықов.
Өнер қайраткері, сонымен қатар мәдениет пен өнердің қоғамдағы орнына тоқталып, шығармашылық саланың дамуы елдің рухани келешегімен тікелей байланысты екенін атап өтті.