Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / МЕКТЕП СӨМКЕСІН ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?

МЕКТЕП СӨМКЕСІН ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?

20 қаралым

Жаңа оқу жылы-ның басталуына санаулы-ақ күн қалды. Ата-аналар балалардың керек-жарағын дайын­дап, қарбалас болып жат­қаны белгілі. Нарықта Оқу-ағарту министрлігі бекіткен стандартқа сай мектеп формасы, дене шынықтыруға арналған жайлы спорт киімі мен аяқкиімдер және оқуға қажетті құрал­дардың сау­дасы қызып тұр. Ата-ана­лар шама-шарқынша сапалысын алуға тырысады, әрине. Осы орайда балаға қандай сөмке таңдаған дұрыс?

Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі оқушы сөмкесінің қандай болуы керек екенін түсіндірді. Бір иыққа ілетін немесе қолға ұстайтын сөмкеге қарағанда, арқаға асатын рюкзак тиімді. Сатып аларда оның салмағы мен сапасына көңіл бөлген жөн. Рюкзаттың жеңіл болуы, баланың бойына сәйкес келуі, арқасына ыңғайлы орналасуы және иығына артық салмақ түсірмеуі керек. ҚР Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ-76 бұйрығында белгіленген талаптар бойынша, оқу құралдарының салмағы оқушының жасына сәйкес болуы тиіс. Яғни, күнделікті 1-3-сынып оқушылары – 2 кг, 4-5-сынып оқушылары – 2,5 кг, 6-7-сынып оқушылары – 3,5 кг, 8-11-сынып оқушылары үшін 4,5 килограмға дейін көтеруіне болады. Сарапшылар мұнда оқу құралдары мен сөмкенің салмағын қоса есептегенде, баланың дене салмағының 10 пайызынан аспауын ескертеді.
Сатып алар кезде мектеп рюкзагын баламен бірге барып таңдаған жөн. Алдымен бүлдіршіннің арқа­сына асып, оның оқушының бойына сәйкес келетініне және ыңғайлы орналасатынына көз жеткізген жөн. Сонымен қатар мынадай сипаттамаларды ескерген дұрыс. Жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беретін кең әрі жұмсақ, қалағаныңызша ұзартып-қысқарта алатын иықбауы бар, көтергенде ыңғайлы болатын арқа бөлігі тығыз, берік әрі су өткізбейтін материалдан жасалуы керек. Сөмкеде жарық шағылыстыратын элементтердің де болуы шарт. Ол қараңғыда жүргізушілердің баланы анық көруіне мүмкіндік береді.
Ал кішкентай жеткіншек үйден шықпас бұрын ата-анасы сөмкесін үнемі тексеріп, ойыншық, сол күнгі сабаққа қатысы жоқ оқу құралдары, тағы басқа бөгде заттарды алып тастағаны дұрыс. Баланы рюкзакты екі иығына қатар асып жүруге үйретсе, денеге салмақ бірдей бөлінеді. Егер мектепте мүмкіндік болса, оқулықтар мен оқу құралдарының бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады.
Биыл бірінші сыныпқа жетекшілік еткелі отырған ұстаз Күмісай Өзбекова бүлдіршінді әуел бастан ұқыптылыққа үйрету керек деп есептейді. «Балаға күн сайын керекті дүниелерді ғана алып жүру қағидасын ұстанған дұрыс. Қажет болса, мұғаліммен сөйлесіп, мектепке әкелуі тиіс құралдарды нақтылаған абзал. Ал көркем еңбекке арналған құралдарға келсек, желім, бояу, ермексаз, түрлі түсті қағаз, картон сияқты көлемді немесе ауыр заттардың бір бөлігін мектепте арнайы орында сақтаған өте дұрыс деп есептеймін. Бұл баланың күнделікті сөмкесін едәуір жеңілдетеді. Ең бастысы – баланы сөмкесін өзі жинауға үйрету. Кешке ертеңгі сабақ кестесіне қарап, тек қажетті заттарды салу – бірінші сыныптан қалыптастырылатын өте пайдалы дағды», – дейді мұғалім.
Артық салмақты арқалаудың бала денсаулығына тигізетін зияны туралы дәрігер мамандардың да пікірін тыңдап көрдік. «Ауыр сөмке баланың омыртқасына салмақ түсіріп, сүйектердің қисаюына әкеп соғады. Сонымен қатар жеткіншек жасына жетпей бүкірейіп, жүріс-тұрысы өзгереді. Тірек қимыл жүйесіне зақым келсе, кеуде қуысы қысылып, тыныс алуы қиындайды. Бұл жас ағзаның өсуіне, дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді», – дейді балалар дәрігері Антонина Филипова.
Еске сала кетсек, осыдан он шақты жыл бұрын Ирландияның ұлттық ата-аналар кеңесінде (National Parents Council Primary) ауыр сөмке оқушының омыртқасына зиян екені талқыланған болатын. Содан кейін бірыңғай салмақтағы сөмкелерді енгізу ұсынылды. Зерттеу барысында, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары сөмкенің тым ауыр екенін айтып шағымданған. Шамамен 3000 адамның үштен бір бөлігі соның салдарынан баланың мектепке әрең жететінін айтса, сауалнама қорытындысы бойынша, әрбір бес қатысушының төртеуі денсаулыққа зияны тимес үшін мектеп сөмкесін қалай көтеріп, қалай қозғалу керектігі жөнінде нұсқама қажет деді. NPC ата-аналардың шағымын ескеріп, төменгі сынып оқушыларына салмағы бірдей рюкзак тігуді ұсынды. Бала денсаулығына зияны тимейтін тауар Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ АҚШ пен Австралияда қолданысқа енгізілген.

Елгүл НҰҒЫМАН,
журналист