Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сайлау күні жәрмеңке ұйымдастырылды

Сайлау күні жәрмеңке ұйымдастырылды

62 қаралым

Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында Құрылтай сайлауына орай тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке ауыл тұрғындары үшін қажетті оқу құралдары мен мектепке керек-жарақтарды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берген игі бастама болды.

Жәрмеңкеге жергілікті жеке кәсіпкерлер «Жанұя», «Шарипова», «Алишер» сауда орындары қатысып, өз өнімдерін тұрғындарға ұсынды. Кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті танытып, жәрмеңке аясында бірқатар тауарларға 10-15 пайыз көлемінде жеңілдік жасады.

Әсіресе жаңа оқу жылына дайындалып жатқан ата-аналар үшін бұл жәрмеңкенің берері мол болды. Қалам-дәптерден бастап, мектеп сөмкесі, оқу құралдары мен балаларға қажетті өзге де заттарды қолжетімді бағамен алу мүмкіндігі тұрғындардың көңілінен шықты.

Жәрмеңкеге келген көп балалы ана Арай Сейдахметова: «Сайлау күні осындай пайдалы шараның ұйымдастырылғаны көңіл қуантады. Балалардың оқуына қажетті дүниелерді бір жерден алып, оның үстіне жеңілдікпен сатып алу – ата-аналар үшін үлкен көмек. Жергілікті кәсіпкерлердің елмен бірге болып, осындай бастамаларға қолдау білдіргені қуанышты», – деп алғысын айтты. Өзі ең әуелі сайлау учаскесіне үлкен ұлымен, жолдасымен барып, дауыс бере сала жәрмеңкеге асыққанын да жасырмады.

Жергілікті кәсіпкерлердің бұл бастамасы тек сауда жасау емес, ауыл тұрғындарына қолдау көрсетудің жақсы үлгісіне айналды. Әлеуметтік маңызы бар шараға белсенді қатысып, жеңілдіктер ұсынуы олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін де аңғартты.

Сайлау күні Шонжы ауылында азаматтар өз таңдауын жасап қана қоймай, елді мекеннің қоғамдық өміріне серпін беретін түрлі шараларға куә болды. Ал мектеп жәрмеңкесі тұрғындардың қажеттілігін ескерген, көпшілікке қолайлы жағдай жасаған мазмұнды бастамалардың бірі ретінде есте қалды.

Анар Дүйсенбайқызы