Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ ҚЫДЫР ҚОНДЫ

САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ ҚЫДЫР ҚОНДЫ

54 қаралым

Қазақ «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді. Халық танымында Қыдыр ата – құт-берекенің, жақсылық пен молшылықтың нышаны. Аңыз-әфсаналарда ол ел аралап, жолыққан жанға ақ батасын беріп, шаңыраққа құт дарытады деген түсінік бар.

Құрылтай депутаттарын сайлау күні осы көне таным Байкент ауылындағы №415 сайлау учаскесінде ерекше көрініс тапты. Қыдыр ата кейпіндегі Амантай Беріков учаскеге келіп, тұрғындарға ақ батасын берді. Кейін өзі де дауыс берді.

Амантай ақсақал тұрғындармен де тілдесіп, үлкенге де, кішіге де жылы лебізін білдірді. Дауыс беруге келген азаматтарға, әр отбасы мен тұтас елге амандық, тыныштық пен береке тіледі.

«Елімізде татулық пен келісім болсын, ел бірлігі нығайсын. Әр отбасына береке мен молшылық келсін, шаңырақтарыңыз аман болсын!» – деп бата берді Амантай Ақанайұлы.

Қыдыр ата кейпіндегі ақсақалды учаскеге келген тұрғындар да ерекше ықыласпен қарсы алды. Бірі батасын алса, енді бірі онымен естелік суретке түсті. Көпшілік бұл сәтті жақсылықтың нышаны ретінде қабылдады.

Қазақ дүниетанымында Қыдырдың келуі – құттың келуімен байланыстырылады. Ал Байкенттегі бұл көрініс ғасырлардан жеткен ұлттық таным мен бүгінгі қоғамдық өмірді бір сәтте тоғыстырды.

Бір жағында – азаматтардың таңдауы, екінші жағында – ақсақалдың ақ батасы. Осылайша, №415 сайлау учаскесіндегі күн Байкент тұрғындарының есінде «Қыдыр қонған» ерекше сәтпен қалды.

Іле ауданы