Перейти к содержимому
Главная страница » Табиғатты аялауға үндейтін ортақ бастама

Табиғатты аялауға үндейтін ортақ бастама

Алматы облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бүгінде оның нақты нәтижесі өңірдің әр ауданынан айқын байқалады.

Еңбекшіқазақ ауданында экологиялық іс-шараларға 53 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысып үлгерді. Әсіресе, жастар мен еріктілердің белсенділігі ерекше. Олар қоршаған ортаны қорғауды азаматтық міндет қана емес, күнделікті өмір салтына айналдырып келеді.

Жыл басынан бері аудан аумағында 11 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 мыңға жеткізу жоспарланған. Әрине, бұл жұмыс тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Ағаштардың жерсінуі мен күтімі де ерекше бақылауда болады. Бұл іс аумақтағы жасыл желекті көбейтіп қана қоймай, табиғи тепе-теңдікті сақтауға да сеп екені сөзсіз.

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоғамның барлық өкілін ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етуде.

«Бұл бастама ауданды көгалдандырумен ғана шектелмейді. Біз отырғызылған ағаштардың жай-күйін тұрақты бақылап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге күш саламыз. Ең бастысы – отырғызылған көшеттердің өсіп-жетіліп, болашақта өңірдің жасыл қорын толықтыруы», – дейді аудан әкімі.

Экологиялық акциялар ауданның барлық ауылдық округтерінде жүйелі түрде өткізіліп келеді. Соның нәтижесінде екі мыңнан астам көше мен аула, саябақтар мен тарихи-мәдени ескерткіштер, сондай-ақ мыңға жуық әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, абаттандырылды. Сонымен қатар заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Еріктілер бұлақтар мен өзен-көл жағалауларын тазалап, табиғи аумақтардың көркеюіне өз үлесін қосып келеді.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – халықпен тұрақты кері байланыс орнату. Арнайы чат-бот арқылы тұрғындардан экологиялық мәселелерге қатысты ондаған өтініш келіп түсіп, солардың негізінде жедел шаралар қабылданып та жатыр.

«Таза Қазақстан» бүгінде жай ғана экологиялық акция емес, табиғатты аялауға үндейтін жалпыұлттық қозғалысқа айналып келеді. Ортақ іске тұрғындардың, жастардың және еріктілердің белсенді қатысуы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне зор үлес қосатыны сөзсіз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ