Ел мен жер үшін туып, жанын қиған бабаларын халық ешқашан ұмытпайды, қайта ерлік мәңгілік жасай беретіндігін уақыт көрсетіп келеді. Ұрпағына ұлағат, халқына қорған болған, елдік пен ерліктің, ауызбіршілік пен әділдіктің туын көтерген Таңатар Айтұлының тарихтағы орны айрықша. Ат жалын тартып мінгеннен өмірінің соңына дейін «ауыздықпен алысып, толарсақтан қан кешіп», ел бірлігі үшін күрескен Таңатар бабамыз – бір өлкенің ғана емес, иісі қазақтың тұтастай тұлғасы.
Өз дәуірінің қайталанбас қайраткері болған Таңатар Айтұлын еске алып, үлкен ас берілді. Рухани шара Кеген ауылының орталығындағы Таңатар би саябағының ашылуымен басталды. Саябақ жасыл желекпен көмкеріліп, онда балалар ойын алаңы мен әсем безендірілген қақпа бой көтерген.
Қазақтың тарихы – жырмен өрілген тарих. Баба рухына арналған жүрекжарды жырды ақын Сүйіндік Серік жеткізді.
Алқалы жиында сөз бастаған Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев даңқты ерлердің ерлік істері жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтінін айтып, жұртшылықты мерейтоймен құттықтады.
– Ашылып отырған саябақ ауданымызға келген қонақтарымыздың, туристердің, барша аудан халқының, өскелең ұрпақтың қасиетті мекені боларына сенеміз. Осы саябақ тынығып, рухани демалыс сыйлайтын маңызды нысан ретінде көпшілікке қызмет ете берсін деп тілеймін. Саябақты ашуға атсалысқан барша Таңатар би баба ұрпақтарына аудан халқы атынан алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
Баба ұрпақтары – Жұмабек Бірімтаев, Төлеухан Әбдіқадырұлы, Саят Жаңабаев, Қуанышбек Жаңабаев, Әнуар Нарынбаевтар Таңатар бидің көрегенділігі мен жаужүректілігіне кеңінен тоқталып, өрелі істері жайында тың деректерді алдыға тартса, Әбіл ақсақал көпшілікке ақ батасын берді. Ақындар жырдан шашу шашты.
Мерейтой ары қарай Қарқара ауылындағы жайлауда «Таңатар баба – ел бірлігі» атты тағылымды шараға ұласты.
Ұлы бабаның өмір жолынан сыр шертетін «Төртеу түгел болса» атты театрландырылған көріністі Кеген халық театрының әртістері орындап, сахна шымылдығын ашты. Таңатар баба туралы монологты жазған – баба ұрпағы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Жарас Сәрсек.
Салтанатты рәсімнен соң, ауданның бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы баба рухына Құран бағыштады.
Тілдің өткірлігі мен ойдың жүйріктігін тоғыстырған Таңатар бабаға арналған сөз сайысы көптің делебесін қоздырды. Алғашқы жұп – Райымбек ауданынан келген Аят Жәнібек пен кегендік Расул Сауытбек айтысты бастады. Ер Таңатарды арқау етіп, тарихтан сөз қозғады. Одан соң Медетбек пен Сұлужан Таубалдықызы сөз жарыстырып, қыз бен жігіт айтысының асқақ үлгісін паш етті. Бұл айтыс шынайы шабытпен, шымыр шумақпен өрілген өнер бәйгесі болып, рухани байлығымызды ұлықтады.
Мерейтойға жиналған жұрт Нұрым Байбала, Асылбек Ысқақ, Дидар Асанов, Ақмарал Сүлеймен, Бахаргүл Айтбаева, Ділмұрат Рахымқожа, Кәдірбек Сүлеймен, Мақсат Бөтеев сынды өнер иелерінің әндерін тамашалады. Олардан бөлек, «Дос-Мұқасан» ансамблінің танымал әншісі Айбек Мұхамедәлі де кештің басты қонағының бірі болды. Бұдан кейін бозкілемде балуандар күш сынасса, білектілер кір тасын ұршықша иірді. Ұлттық ойын асық атудан жарыс ұйымдастырылып, белділер қошқар көтеруден алдына жан салмады.
Ұлттың ұлы тұлғасын ұлықтайтын, өткен мен бүгінді жалғайтын тағылымды мереке осылайша мәресіне жетті.
Бабаны ұлықтау – өткенді дәріптеу ғана емес, келешекке өнеге қалдыру. Бұл саябақ – өткенге тағзымның, бүгінгі ұрпақтың баба рухына деген құрметінің белгісі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

