Дауыс беру күні танымал театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләл Қарасай ауданындағы №518 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Өнер саласының өкілі бұл күні сахнада емес, сайлау учаскесінде көрініп, дауыс беру рәсіміне қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдірді.
Ерлан Біләлдің сайлау учаскесіне келуі дауыс беруге келген тұрғындардың назарын аударды.
Ерлан Біләл – отандық театр және кино өнерінің белгілі өкілі. Ол М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет атқарып, көптеген айтулы образдарды сомдаған. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарған.
23 тамызда еліміздің азаматтары сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауда. Дауыс беруге қоғамның түрлі саласының өкілдері де белсенді қатысып жатыр.
Өнер иесінің сайлауға қатысуы Қарасай ауданындағы дауыс беру күнінің назар аударарлық сәттерінің біріне айналды.