Перейти к содержимому

Ұлттық байқаудың үздіктері

27 қаралым

 Адамның өмір баспалдағы, алғашқы қуанышы мен жетістігі, бойына сіңірер  тәлім, өнегесі туып-өскен шаңырағынан бастау алады. Әке сөзі мен ана мейірімі, үлкенге деген құрмет пен кішіге деген ізет, маңдай термен келген еңбек пен бірлік – отбасы атты қасиетті ұғымның алтын арқауы. Ал сол арқауы берік отбасылар көбейген сайын қоғамның да іргесі беки түсері анық. Осындай өнегелі әулеттердің өмір жолын үлгі етіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, көпке үлгі боларлық шаңырақтардың мерейін үстем етті.

Биыл өңіріміздің барлық ауданы мен қалаларынан 146 отбасы байқауға қатысып, өздерінің отбасылық өнегесін, еңбек жолын, қоғамдағы белсенділігін және ұрпақ тәрбиесіндегі тәжірибесін ортаға салды. Солардың арасынан облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 12 отбасы салтанатты марапаттау рәсімінде көпшілік қошеметіне бөленді. Оның ішінде 9 отбасы ынталандыру марапатын иеленсе, үздік үштікке енген әулеттерге жүлделі орындар табысталды. Салтанатты жиында мінберге көтерілген Ғани Айдарұлы мерейлі отбасыларға өз құрметін білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізді.

– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тағылымды сөз бар. Бүгін біз халқымыздың ең асыл құндылықтарының бірі – отбасы институтын дәріптеп, өнегелі әулеттерді ұлықтайтын айтулы шарада бас қосып отырмыз. «Мерейлі отбасы» – қоғамның рухани тұтастығын, елдің береке-бірлігін айшықтайтын маңызды бастама. Себебі отбасы – татулықтың тұғыры, тәрбиенің алтын бесігі, ұрпақтар сабақтастығының берік діңгегі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бақытты отбасы – бақытты қоғамның, бақытты мемлекеттің негізі» екенін атап өткен болатын. Шын мәнінде, әрбір шаңырақтағы өзара сыйластық пен мейірім, бауырмалдық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жомарттық секілді асыл қасиеттер елдің рухани қуатын арттырады, – деді.  

Отбасы – қоғамның кішкентай ғана бөлшегі болғанымен, оның жауапкершілігі үлкен. Баланың бойына елдік пен ерлікті, адамдық пен адалдықты, еңбек пен ізгілікті сіңіретін де – осы шаңырақ. Сондықтан өнегелі отбасылардың өмір жолын насихаттау – бір әулетті ұлықтау ғана емес, кейінгі буынға бағыт-бағдар көрсету. Өңірімізде де бұл бағытқа айрықша мән беріліп келеді. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруді өмір салтына айналдырған, салт-дәстүрді ұлықтап, ұлттық тәрбиені ұрпағының бойына сіңіріп жүрген отбасылардың тәжірибесі – бүгінгі қоғам үшін аса қажет өнеге. Биылғы байқаудың жеңімпаздары да осындай жарасымды өмірдің, маңдай термен келген еңбектің, берік бірліктің жарқын көрінісі. Ғани Айдарұлы облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған отбасыларды сахна төрінде марапаттап сый-сияпат көрсетті. Ақтық кезеңге өткен 9 отбасына ынталандыру сыйлығы мен 150 мың теңгелік сертификат берілді. Жүлделі ІІІ орынға Іле ауданынан қатысқан Тыныбаевтар отбасы лайық деп танылып, 300 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.  Ал Жамбыл ауданының тұрғындары Асқаровтар отбасы жүлделі ІІ орынды иеленіп, 500 мың теңгені қанжығасына байласа, байқаудың І орын жүлдесі Кеген ауданының намысын қорғаған Бақашовтар отбасына бұйырып, 1 миллион теңге қаржылай сыйлық табысталды.

Марапаттау рәсімінен жеңімпаздар атынан Дәмеш Тоқтасынова сөз алып, қуанышын көпшілікпен бөлісті. Кереге таулы Кегеннен жеткен ол бұл марапатты бір әулеттің ғана емес, отбасы құндылығын бағалайтын барша елдің ортақ қуанышы ретінде қабылдайтынын айтты. Дәмеш Мұқатайқызы елімізде отбасыларға, әсіресе аға буын өкілдеріне көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, Үкіметке, облыс әкімдігіне аналық ақ алғысын жеткізді. Аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде белсенді өмір сүру орталықтарының ашылып, қарттарға көңіл бөлінуін елдегі игі өзгерістердің бір көрінісі ретінде атап өтті. Көпшілік алдында жүрекжарды тілегін ақындық өрнекпен өріп, ойын өлең жолдарымен жеткізген жеңімпаз ананың сөзі залдағы жұртшылыққа жігер берді десек артық айтпағанымыз.

Салтанатты жиын соңында «Қонаев әуендері» ансамблінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Марапат иелері естелік суретке түсіп, мерекелік кештің әсерін бірге бөлісті.

Құралбек СӘБИТҰЛЫ