Перейти к содержимому

Жалын кешкен

24 қаралым

Қазақ атам «Тау баласы тауға қарап өседі» деп бекер айтпаса керек. Өйткені қазақ-қырғыз шекарасына жақын орналасқан Кегенде туып-өскен Фархат түптің-түбінде шекарашы болмай қоймайтын еді. Ол алдымен өзінің азаматтық борышын Шығыс Қазақстан облысының Зайсан деген қаласындағы шекара отрядында өтеді. Бұл сонау 2000 жылдардың басы болатын. Ол кезде мерзімді әскери қызмет қазіргідей емес, екі жыл. Сондықтан он сегіз жасқа толған азаматтар оқу орталығында алты ай оқып барып, шекараға жіберілетін. Арасында үлгілі тәртібімен көзге түскен сарбаздар іріктеліп, сержанттар мектебіне қалдырылатын.

Қабырғасынан онға тарта генерал­ды түлетіп ұшырған көне Зайсан шекара отрядына тап болған қатардағы жауынгер Фархат Сәлімжановтың өмірі де осылай өріледі. Жас жауынгерлер курсын ойдағыдай бітірген жас сарбаздан түптің түбінде мықты шекарашы ғана емес, жақсы сержант шығатынын түсінген шекара отряды бастығының сол кездегі бірінші орынбасары – штаб бастығы, майор Жәнібек Төлебаев Фархатты сержант­тар мектебіне қалдыруға шешім қабылдайды. Уақыт өте келе, Шекара қызметінің мықты қолбасшыларының қатарынан ойып тұрып орын алған мықты офицерге айналған Жәнібек Қошқарұлы сол жолы қателеспеген еді. Кіші командирлерді даярлайтын мектепті де ойдағыдай бітіріп, Алматы іргесіндегі Боралдай әуе базасына жіберілген кіші сержант Фархат Сәлімжанов командирінің өзіне білдірген сеніміне селкеу түсірмейді. Аталмыш әскери бөлімнің авторо­тасына түскен Фархат әскери ұшақтар мен тікұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ететін арнайы көліктің жүргізушісі болып шыға келеді. Тек сол сәт ол өзін алда тағдыршешті оқиғаның күтіп тұрғанын білген жоқ еді.
Бір күні көлік қойылған тұрақта өрт шығып, ғимараттың ішінде тұрған жанармай көлігі әп-сәтте отқа оранады. Тез қимыл­дамаса, жалын екінші арнайы техникаға да жетуі мүмкін. Алайда ең алдымен сарбаздың амандығын ойлаған әскери бөлім командирі жеке құрамға ғимараттан шығуға бұйрық береді. Ерлік жасауға ұмтылып тұратын қайран жастық!.. Сол жолы өмірінде бірінші рет командирінің бұйрығын орындамаған Фархат жолындағысын жайпап келе жатқан өртке қарамастан, қаңтарулы тұрған көлікке ұмтылады. Әрі қарай, оқиғаның сәтті аяқталуына бірнеше секунд қана жеткілікті болып еді…
Қою түтінге оранған ғимараттың ішінен шығып келе жатқан жанармай көлігін көргенде, қауіпсіз аумаққа жетіп үлгерген жұрт еріксіз шу ете қалған. Әскери әуе кемелерін сұйық отынмен қамтамасыз ететін техниканың амандығын ойлаған сарбаздың ешкім күтпеген ерлігіне риза болғандары еді, бұл.
Сол оқиғаның өткеніне де ширек ғасыр болыпты. Сондағы табандылығы үшін 1-дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталған кіші сержант Фархат Сәлімжанов тек мұны ерлік деп ойламайды. Бар болғаны, ол мұндай қадамға шекара шебінде аяқ астынан науқастанып қалған әскери қызметшіні госпи­тальға жеткізу үшін немесе ауыр жағдайға тап болған шекарашыларға көмекке жету үшін көкке көтерілетін ұшақтар мен тікұшақтар үшін барып еді.
Қарап тұрсақ, Фархаттың жолына ел шебіндегі кіл жақсы­лар кездесіпті. Алдымен Жәнібек Төлебаев, содан кейін Шекара қызметінің аңызына айналған полковник Тұрғанбек Стамбеков… Әскерден оралған Фархат екі жылдан кейін Шонжы шекара отрядына барады. Бұл кезде әскери бөлімді полковник Тұрғанбек Стамбеков басқаратын. Сардардың қабылдауына кіріп, өзі қызмет еткен әскери бөлім командирінің берген мінездемесін көрсетеді. Бір жапырақ қағазға қараған сардар өзінің алдында нағыз қайсар шекарашы тұрғанын түсінеді де, алдында самсап тұрған қызметтік телефондардың бірінің тұтқасын көтеріп, кадр бастығын өзіне шақыртады. Сосын алдына келіп тұра қалған офицерге: «Білесің бе, бізге кім келіп тұрғанын? Ерлік көрсеткен шекарашы! Бізде қызмет еткісі келеді. Құжаттарын тез рәсімде!» – деп тапсырма береді.
Осылайша, командирдің алдынан қанаттанып шыққан Фархат бірнеше айдан кейін Кегеннің іргесіндегі «Қарқара» шекара бөлімшесіне жүргізуші болып тағайындалғаны туралы бұйрық сарт ете қалады. Содан бері осында табан аудармай қызмет атқарып келе жатқанына биыл 20 жылдан асып барады. Осы жылдардың ішінде Фархат қазақ-қырғыз шекарасының бойында заңсыз аңшылықпен айналысқан алты азаматты құрықтауға қатысты. Бұл – таудың ішіне барлау-із кесу кезінде болған оқиға. Кейіннен шекара аймағына кіру тәртібін бұзып, қарағайды рұқсатсыз кесіп жатқан екі отандасымызды бірінші байқап, ұстаған да Фархат болатын.
Бүгінде ол – «Қарқара» шекара бөлімшесінің аға технигі. Сенімге сызат түсіріп көрмеген шекарашы бірнеше жыл қатарынан шекара басқармасының «Ең үздік аға технигі» атанды. Шекара шебінің сызатсыздығына қосқан үлесі үшін жоғары басшылықтың марапатын иеленді.
Шекара қызметінің мақтан етер әскери қызметшілерінің бірі, сержант Фархат Сәлімжановтың ел шебіндегі өмірі осылай өрілген!

Тамара Қуанышбекқызы
Кеген ауданы