Перейти к содержимому

Жаңа ойын алаңы

14 қаралым

Кеген ауылында бұқаралық спортты дамытуға және өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған балаларға арналған ойын алаңы пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан басшылары, спортшылар, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары ортақтасты.

Жиналғандар жаңа нысанның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталып, әр ауылдық округте осындай игі іс атқарылып, балаларға қуаныш сыйлап жатқанын тілге тиек етті. Аталған ойын алаңы облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған.
Шара барысында жаңа нысанның ашылу рәсімі өтіп, құрметті қонақ­тардың қатысуымен қызыл лента қиылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, қадірменді қонақтар жаңа спорт алаңына ақжолтай тілектерін білдірді.
Заманауи үлгіде сапалы материал­дардан жасалған әткеншек, айналмақ, сырғанаққа кезек-кезек мініп, мәз-мәйрам болған балалардың қуанышында шек жоқ. Ата-ана үшін баласының бал-бұл жайнаған жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?! Ұйымдастырушыларға ата-аналардың алғысы шексіз.
«Бұрын мұндай ойын алаңында тек қалаға барғанда ғана ойнайтын. Ауылда ашылды дегенде қуанып, бала­ларымды ертіп келдім. Оларға жаңа ойын алаңы қатты ұнады. Енді осында жиі келіп тұратын боламыз», – деді немерелерін ертіп келген Гүлбәри әже.
Енді бұл жер бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі көңілді демалы­сына арналған жайлы орынға айналмақ. Ал жаңа футбол алаңы – балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына септігін тигізетіні анық.

Дәурен Ермекбай