Перейти к содержимому
Главная страница » ЖАС САРБАЗДАРАНТ ҚАБЫЛДАДЫ

ЖАС САРБАЗДАРАНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Қонаев қаласының орталық алаңында Алатау қаласындағы 3660 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Жауынгерлік Ту салтанатты түрде ортаға әкелініп, Мемлекеттік Гимн орындалған соң, орталық алаңда сап түзеген Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларынан әскер қатарына шақырылған 200-ге жуық жас сарбаз кезегімен келіп, ант қабылдады.

Салтанатты ант қабылдау рәсімінен кейін сөз алған 3660 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы, подполковник Есбол Ержақыпұлы 1 шілде күні қолданысқа енген жаңа Конституцияда Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы екені тайға таңба басқандай жазылғанына баршаның назарын аударды. Әскери анттың мәні өте зор екенін, сарбаздарға зор жауапкершілік, үлкен міндет жүктелетінін тілге тиек етті. Жауынгерлерді өздеріне жүктелген міндетті, әскери жарғыны бұлжытпай орындауға, қызметтің қиыншылығын табандылықпен көтеруге дайын болуға шақырды.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 3660 әскери бөліміне келіп, Отан алдындағы борышты ресми түрде өтеуге кіріскен жас сарбаздарды Қонаев қаласының әкімінің орынбасары Тимур Ақмұрзаев құттықтады.
– Бүгін – ел болашағы үшін маңызды күн. Жас сарбаздар 3660 әскери бөлімінде әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын ресми түрде бастады. Ант – жай рәсім емес, елге адал қызмет етудің, жауапкершілік пен рухтың белгісі, өмір бойы жүректе сақталатын қасиетті сәт. Ел тыныштығын қорғауға серт беру – үлкен міндет. Бұл рәсім – ата-аналар үшін де зор мақтаныш әрі қуаныш. 3660 әскери бөлімі – нағыз азамат қалыптастыратын беделді құрылым, – деген шаһар басшысының орынбасары жас сарбаздарға, мықты денсаулық және адал қызмет, антқа адалдық тіледі.
Қонақтар атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Павел Ситников, аталған қолбасшылықтың ардагерлер кауымының мүшесі, запастағы подполковник Дархан Сүйсенов, сарбаздардың аналар қауымы төрағасы Татьяна Тропина мен бірқатар ата-аналар жас сарбаздардың ел қорғауға басқан қадамына құтты болсын айтып, ақжарма тілектерін арнады.
Нұрділда Әбдіханұлы мен Александр Андриенко есімді сарбаздар әскери анттарына адал болып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, тапсырмаларды бұлжытпай орындайтындарына ант қабылдаушы сарбаздар атынан уәде берді.
Қаланың орталық алаңында өткен ант қабылдау рәсімі жас сарбаздардың салтанатты шеруімен аяқталды. Жеке кұрам бөліністерге қару тапсыруға кеткен кезде бөлім командирінің міндетін атқарушы Есбол Ержақыпұлы ата- аналарымен сұхбат өткізіп, сарбаздардың меңгеретін мамандық түрлері мен атқаратын қызметтері жөнінде хабардар етті.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ