Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы елдімекеннің тазалығын сақтаумен қатар жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда. Осы жауапкершілікті терең сезінген Кеген ауданының белсенді де жігерлі жастары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында бас қосып, аймақта тазарту мен көркейтуге өздерінің сүбелі үлестерін қосты.
Акцияның ашылу салтанатында аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Мерғалиұлы сөз сөйлеп, аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Әр азамат тазалықты өз үйінен, ауласынан бастауы қажет. Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны анық. Сондықтан, жастарды осы акцияға жұмыла кірісуге шақырамын, – деді ол.
Одан әрі акция қатысушылары «Шарын» шатқалы мен Аласа асуында тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Шарын» шатқалы мен Аласа асуы – бұл жай ғана табиғаттың сұлу көрінісі емес, бұл бабаларымыздан қалған баға жетпес аманат, еліміздің мақтанышы. Осындай әсем де бірегей табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа таза күйінде жеткізу – ортақ міндетіміз.
Бүгінгі сенбілік жай ғана тазалық шарасы емес, бұл – жастардың бірлігі мен ауыз біршілігінің, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен патриотизмінің айқын көрінісі. Өйткені туған өлкеге, атамекенге деген нағыз қамқорлық сөзден емес, нақты істен, әрбір кішкентай қадамнан басталады!
Ел болашағы жауапты, саналы жастардың қолында!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

