Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жауапкершілік ұрпақтан ұрпаққа жалғасады

Жауапкершілік ұрпақтан ұрпаққа жалғасады

70 қаралым

Ұйғыр ауданының Ават ауылдық округіндегі №905 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлау күні ерекше отбасылық көрініспен есте қалды. Бір әулеттің үш буыны – әжесі Аппазова Асиям, қызы Салиева Рошангуль және немересі Саюз Алишер сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Үш ұрпақ өкілінің бір мезетте келуі ұрпақтар сабақтастығының, отбасылық тәрбиенің және азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды.

Әсіресе бұл күн Алишер үшін ерекше болды. Ол жуырда ғана 18 жасқа толып, алғашқы рет дауыс беруге келді. «Бүгін мен үшін ерекше күн. Алғаш рет дауыс беріп отырмын. Жанымда әжем мен анамның болғаны маған үлкен сенім берді. Алғашқы дауыс – ұзақ уақыт есте қалатын маңызды қадам, сондай-ақ үлкен жауапкершілік. Өйткені бұл дауыс арқылы мен еліміздің келешектегі іргелі істеріне үлес қосып отырмын», – деп алғашқы дауыстың маңызын жан жүрегімен сезінгенін жеткізді Алишер.

Әулеттің үлкендері азаматтық жауапкершілік ең алдымен отбасындағы тәрбие мен жеке үлгі арқылы қалыптасатынын атап өтті. «Құрылтайдың мәні біздің отбасымызда ұстанып келе жатқан қағидамен үндеседі. Ол – ұрпақтар сабақтастығы, даналық пен жауапкершілікті жалғастыру. Ауылымыз қашанда берекесімен, бірлігімен, тұрғындарының еңбекқорлығымен белгілі. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиеттер. Сондықтан да немеремді шет қалдырмай, бүгінгі сайлаудың маңызын түсіндіріп, бірге ертіп келдім. Біз жастарға тәрбиені осылай ісімізбен көрсетуіміз керек», – деді әулет үлкені Асиям ана.

Үш буынның бірге дауыс беруі – әулет үшін тарихи оқиға. Ал сайлау еліміздің ертеңінің еңселі болуы үшін жасалып отырған тарихи таңдау кезеңі.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы