Жол қозғалысы ережелері – әрбір адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған маңызды талаптар. Дегенмен жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің асығыстығы мен жауапсыздығынан орын алып жатады. Сондықтан жолдағы әрбір шешім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарсы бағытқа шығу, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жүру немесе көлікті мас күйінде басқару – адам өміріне қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар. Мұндай әрекеттердің салдары көбіне орны толмас өкінішке әкеледі. Жол қауіпсіздігі жүргізушілерге ғана қатысты емес. Жаяу жүргіншілер де белгіленген өткелдермен өтіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, оларға жолда жүру мәдениетін ерте жастан үйрету маңызды. Құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, жүргізушілер мен тұрғындарға жол ережелерінің маңызын тұрақты түсіндіруде. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – адам өмірін сақтау және жолдағы тәртіпті нығайту. Әрбір жүргізуші рөлге отырған сәттен бастап өз өміріне ғана емес, өзге адамдардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін ұмытпауы керек. Жылдамдыққа емес, қауіпсіздікке басымдық берген қоғамда ғана жол-көлік оқиғалары азайып, адам өмірі ең жоғары құндылық ретінде сақталады.
Құралбек СӘБИТОВ

