Перейти к содержимому
Главная страница » Зорлыққа үнсіз қалмаңыз

Зорлыққа үнсіз қалмаңыз

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның тыныштығына, отбасының берекесіне және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Бұл тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның назарын талап ететін өзекті түйткіл. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында заңнамалық шаралар күшейтіліп, құқық қорғау органдарының жұмысы жүйелене түсті. Зардап шеккен азаматтарды қорғау, құқықтық көмек көрсету, уақытылы әрекет ету және құқық бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту – осы бағыттағы негізгі жұмыстардың қатарында. Сонымен бірге халық арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Көп жағдайда жәбірленушілер қорқыныштан немесе айналаның пікірінен именіп, мәселені жасыруға тырысады. Алайда үнсіз қалу мәселені шешпейді, керісінше оның ушығуына себеп болуы мүмкін. Егер зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз немесе өзіңіз сондай жағдайға тап болсаңыз, тиісті органдардан көмек сұраудан тартынбаған жөн. Уақытында көрсетілген қолдау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Берекелі отбасы – берік қоғамның негізі. Сондықтан әрбір азамат өзара құрмет пен сыйластықты жоғары қойып, зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеу қағидатын ұстануы тиіс. Қауіпсіз әрі бақытты қоғамды қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ