Еліміздің тәуелсіздігін айқындап, дербестігін танытатын уәкілеттілігі кең ауқымдағы құзырлы органның бірі — Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі. Бұл құрылымға жүктелген міндеттер заң жобаларын қадағалау, заңнаманы жетiлдiру, халықаралық шарттарды құқықтық қамтамасыз ету, мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, заң көмегін көрсету, құқықтық насихат, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз етуді, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тағы да басқа маңызды бағыттарды қамтиды.
Нақты тарихи дерекке сүйенсек, саланың негізі 1920 жылы құрылған ҚазАКСР Әділет халық комиссариатынан бастау алады. Википедия анықтамалығында 1946 жылғы 28 наурызда Қазақ КСР Әділет министрлігі болып қайта аталғаны, 1960 жылғы 26 наурызда таратылып, 1970 жылғы 25 қыркүйекте қайта құрылғаны атап көрсетілген. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан басталған кезеңде ҚР Әділет министрлігінің құрылымдық құзыреттіктеріне уақыт талабына сәйкес, түрлі өзгерістер енгізіліп, заң аясында бекітіліп отырды. Қазіргі күнде Әділет министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге алып, Президент бастамасымен қолға алынған «Әділетті Қазақстан» негіздерін қалыптастыруға сүбелі үлесін қосуда. Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен үш облыстың қатарында Алматы облысы да әкімшілік-аумақтық территориясын айқындап, еңсе тіктегені белгілі. Сол кезде Алматы облыстық Әділет басқармасының алдына көптеген міндеттер қойылды. Содан бергі уақытта өңір халқына қандай істің болмасын, заңнамалық негіздерін түсіндіру мақсатында ақпараттық түсіндіру семинарлары, білім беру мекемелерінде жас ұрпақпен кездесулер өткізіліп келеді. Одан өзге нотариаттық қызмет, заң жайында кеңестер беру, азаматтық хал актілерін тіркеу сияқты көптеген жұмыстар атқарылуда. Сол тұрғыда Президенттің «Әділетті Қазақстан» құру идеясы негізінде «Адал азамат» ұғымын қалыптастырып, әрқайсымыздың ісімізге жауапкершілікпен қарап, адамгершілік құндылықтарды шақыруы және үнемі айтып отыруы әділет саласы мамандарына да зор жауапкершілік жүктейді.
«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», деген Президент сөзі әрдайым ой түкпірінде жаңғырып тұруы тиіс.
Алматы облысы
Әділет департаментінің басшысы
Жанболат САМАШЕВ