Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында 3 сорғы станциясы салынады

Алматы облысында 3 сорғы станциясы салынады

35 қаралым

Алматы облысындағы өндіріс ошақтары енді қоршаған ортаға бұрынғыдай салмақ түсірмейді. Өңірдегі ең ірі деген 50-ден астам кәсіпорын өндірісті жаңартып, ауаны ластауды азайтудың заманауи тәсілдеріне көшіп жатыр.

Осы бағытта қолға алынған жұмыстар туралы Алматы облысы Экология департаментінің Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Раушан Мухажанова өз сөзінде:

«Бүгінгі таңда басты мақсат — өндіріс ошақтарына тек тексеру жүргізіп қою емес, қоршаған ортаға түсетін реалистік жүктемені азайту. Өңірдегі ірі кәсіпорындар өндірісті жаңартып, қалдықтарды автоматты түрде бақылайтын жүйелерді енгізуде. Мұның бәрі аймақтың экологиялық ахуалын сапалы түрде жақсартуға бағытталған», — деді.

Ең басты жаңалық — Алматы ЖЭО-3 (ТЭЦ-3) станциясының көмірден газға өтуі. Қазіргі таңда бұл нысаннан ауаға жылына 14 мың тоннаға жуық зиянды қалдық бөлінсе, газға толық көшкеннен кейін бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін азаймақ. Одан бөлек, «Almaty Insulation» зауыты мен ірі құс фабрикалары да қалдықтарды қайта өңдеп, бақылаудың автоматты жүйелерін орнатып жатыр. Ал «АЛЕЛЬ АГРО» құс фабрикасы дизельден сұйытылған газға ауысып, ауаға бөлінетін қалдықты бірден 12 тоннаға азайтқан.

Тағы бір өзекті мәселе — суды тазарту мен кәріз жүйелері. Алматы қаласы мен маңайындағы сарқынды суды тазартатын «Алматы Су» мекемесі жағымсыз иісті жою үшін арнайы хлорелла балдырларын қолдану сияқты эксперименттік тәсілдерді сынап көруде. Ал Қонаев қаласында 1968 жылдан бері жөндеу көрмей, 95 пайызға тозып тұрған кәріз жүйесінің орнына Ақши ауылының маңынан жаңа тазалау нысаны мен 3 сорғы станциясы салынады.

Сонымен қатар, облыстағы мал мен құс шаруашылығынан шығатын қалдықтарды да босқа тастамай, одан биогаз, электр энергиясы мен органикалық тыңайтқыш алатын жаңа инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Мұның бәрі аймақтағы өндірістік жүктемені азайтып, тұрғындардың таза ауамен тыныстауына жол ашады.

↑