Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында туберкулездің алдын алуға басымдық берілуде

Алматы облысында туберкулездің алдын алуға басымдық берілуде

51 қаралым

     Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының Фтизиопульмонология орталығының жоғары санатты фтизиатр дәрігері, мониторинг және бағалау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Базарбаева және Фтизиопульмонология орталығының балалар бағыты бойынша облыстық үйлестірушісі, туберкулез инфекциясы бойынша жоғары санатты фтизиопедиатр дәрігері Жанар Бейсембаева облыста туберкулездің алдын алудағы эпидемиологиялық жағдай және профилактикалық шаралар тақырыбында баяндама жасады.

    Мамандардың айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалда оң динамика бар. 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 2024 жылғы 34,5-тен 33,9 жағдайға дейін төмендеген. Өткен жылы облыста 550 жағдай тіркелген. Ал туберкулездің таралу көрсеткіші 4,2 пайызға төмендеп, 100 мың халыққа шаққанда 40,6-дан 38,9 жағдайға дейін азайған. 2025 жылы 630 жағдай есепке алынған. Рецидивтердің үлес салмағы да төмендеген. 2024 жылы 17,6 болған көрсеткіш 2025 жылы 12,7-ге дейін түсіп, 80 рецидив жағдайы тіркелген. Сонымен қатар туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 42,9 пайызға азайып, 100 мың халыққа шаққанда 0,7-ден 0,4 жағдайға дейін төмендеген.

     – Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштерінің төмендеу динамикасы байқалады. Бұл бағыттағы жұмыстар ауруды ерте анықтауға, науқастарды тиімді емдеуге және профилактикалық шараларды күшейтуге негізделген, – деді Эльмира Ұлықпанқызы.

     Туберкулез бен қоршаған ортаның байланысы да мамандар назарынан тыс қалмады. Ауаның ластануы, шаң-тозаң, өндірістік шығарындылар мен темекі түтіні тыныс алу жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Алайда экологиялық жағдайдың нашарлауы туберкулездің тікелей себебі болып саналмайды. Ауруды нақты бактерия қоздырады. Ал қолайсыз қоршаған орта адамның тыныс алу жүйесіне қосымша салмақ түсіріп, денсаулығына кері ықпал етуі мүмкін. Осы орайда электронды темекі мен қор-қордың да зияны сөз болды. Соңғы жылдары жастар арасында электронды темекіні кәдімгі темекіге қарағанда қауіпсіз деп қабылдау жиі кездеседі. Алайда мамандар мұндай пікірдің дұрыс еместігін айтады. Электронды темекі аэрозолінің құрамында никотин және басқа да химиялық заттар болуы мүмкін. Олар тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, өкпеге кері әсер етеді. Ал никотин тәуелділік тудыруы мүмкін.

     – Электронды темекі туберкулезді тікелей тудырады деп айтуға болмайды. Бірақ өкпеге зиян келтіретін кез келген фактор тыныс алу жүйесінің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан өкпені қорғаудың ең дұрыс жолы – темекі өнімдерін пайдаланбау, – деді дәрігер. Қор-қорға қатысты да осындай түсінік бар. Кей адамдар оны темекіден қауіпсіздеу деп санайды. Алайда қор-қор тарту кезінде адам түтінмен бірге көптеген зиянды заттарды жұтады. Сонымен қатар көмірдің жануы кезінде көміртек тотығы және басқа да қосылыстар бөлінеді. Қор-қорды бірнеше адамның бірге пайдалануы да санитарлық тұрғыдан қауіпті. Бір ауыздықты ортақ пайдалану кейбір инфекциялардың таралу қаупін арттыруы мүмкін.

     Туберкулезбен күрестегі негізгі бағыттардың бірі – ауруды ерте анықтау. Мамандар екі аптадан астам уақытқа созылған жөтелге бейжай қарамауға шақырады. Әсіресе жөтелмен қатар салмақ жоғалту, тершеңдік, кеуде тұсының ауырсынуы, қан түкіру, әлсіздік, тез шаршау немесе ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі байқалса, медициналық тексеруден өту қажет.

    Қазіргі таңда туберкулезді анықтаудың заманауи әдістері қолданылады. Соның бірі – молекулалық-генетикалық зерттеу. Бұл ретте GeneXpert аппаратының мүмкіндігі кең. Ол туберкулез микобактериясының ДНҚ-сын анықтап, дәріге сезімталдығын қысқа мерзім ішінде білуге мүмкіндік береді.

     – Біздің орталықта төрт модульді GeneXpert аппараты жұмыс істейді. Оның қолданылу аясы кең. Зерттеу шамамен екі сағат ішінде дәріге сезімталдықты анықтап, дұрыс емді тез бастауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл – әлемде қолданылатын озық диагностикалық әдістердің бірі. Облыста осындай тоғыз аппарат бар, – деді Жанар Аралханқызы. Туберкулездің алдын алуда қауіп тобындағы азаматтарды тұрақты тексеру де маңызды. Олардың қатарында туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, қант диабеті, АИТВ-инфекциясы бар, иммуносупрессивті терапия қабылдайтын азаматтар, өкпесінде қалдық өзгерістері бар адамдар және басқа да тәуекел топтары бар.

    Балалардың денсаулығына қатысты профилактикалық шараларға да ерекше мән беріледі. Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда жаңа туған дені сау балаларға өмірінің алғашқы 2-4 тәулігінде БЦЖ вакцинасы салынады. Бұл вакцина туберкулездің ауыр түрлерінің алдын алуға бағытталған. Балалар арасында да жоғары қауіп тобы қалыптастырылған. Оған туберкулезбен ауырған науқаспен байланыста болған балалар, АИТВ жұқтырған немесе иммундық жүйесі әлсіреген отбасылардан шыққан балалар, қант диабеті, бронх-өкпе жүйесінің аурулары бар, дене салмағы төмен, иммунды супрессивті ем қабылдайтын балалар және басқа да санаттар жатады.

    Мұндай жағдайда туберкулез инфекциясын ерте анықтау үшін Манту сынамасы және ТРА сынамасы сияқты диагностикалық әдістер пайдаланылады. Мамандар ата-аналар арасында бұл сынамаларды екпемен шатастыратын түсінік бар екенін айтып, олардың вакцина емес, диагностикалық тест екенін түсіндірді.

     – Манту сынамасы ағзада туберкулез инфекциясының бар-жоғын анықтауға арналған иммунологиялық диагностикалық тест. Ол екпе емес. Ал ТРА сынамасы туберкулез инфекциясының белсенділігін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін заманауи тері ішілік сынама. Бұл да вакцина емес, ауруды ерте анықтауға арналған диагностикалық әдіс, – деп түсіндірді маман. Тәуекел тобындағы ересектерге де ТРА сынамасы жүргізіледі. Олардың қатарында иммуносупрессивті ем қабылдайтын, трансплантациядан өткен, гемодиализ алатын, онкологиялық аурулары бар және басқа да қауіп факторлары кездесетін азаматтар бар. Сынама нәтижесі оң болған жағдайда профилактикалық ем тағайындалуы мүмкін. Оның қажеттілігін фтизиатр дәрігер анықтайды.

     Туберкулезден сақтанудың ең тиімді жолы – ауруды ерте анықтап, емді уақытында бастау. Ұзаққа созылған жөтелді елемеу немесе өздігінен ем қабылдау аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан күмәнді белгілер байқалған жағдайда медициналық ұйымға жүгіну маңызды. Туберкулездің алдын алу тек дәрігерлердің жұмысы емес. Бұл – әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын талап ететін ортақ міндет. Уақытылы тексерілу, балаларды вакцинациялау, қауіп тобындағы азаматтарды бақылауда ұстау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және зиянды әдеттерден бас тарту – аурудың таралуына тосқауыл болатын негізгі шаралар.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

↑