Перейти к содержимому

Арқалаған ар жүгін…

15 қаралым

Алматыдағы AlatauCreativeHub кітапханасында белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әріптесіміз Қуат Қайранбаевтың 65 жасқа толуына арналған «Арқалаған ар жүгін» атты әдеби-шығармашылық кеш өтті. Рухани шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Кешті жүргізушілер адам ғұмырын кітапқа теңеп, тағылымды ой түйіндеді. Балалық шақ – кіріспе, жастық – жалынды беттер, кемелдік – терең толғаныс, ал бүгінгі 65 жас – сол кітаптың мағыналы бір белесі. Дегенмен қаламгер үшін кітаптың соңғы беті болмайды. Өйткені жүрек соққан сайын жыр туады, ой барда – сөз, сөз барда әдебиет жасай береді.
Кешке арнайы келген қазақ әдебиетінің өкілдері, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Кәдірбек Құныпияұлы, жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі әлемі жазушылары сыйлығының лауреаты Жарас Сәрсек, Қазақстан Жазушылар одағы «Ертөстік» әдеби сыйлығының иегері Қайрат Бестібай мерейтой иесінің әдебиетке қосқан үлесін жоғары бағалап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кешке Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар да қатысып, Қуат Әбілұлының ақындығы мен ақпарат саласындағы қызметін айрықша атап өтті. «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаевтың құттықтау хатын оқып беріп, ұжым атынан ақын иығына шапан жапты.
Шара барысында Қуат Қайранбаевтың шығармашылық жолы мен әдеби мұрасы туралы сырлы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ кеш иесі өз өлеңдерінен үзінділер оқып, шығармашылық жолы туралы ой бөлісті.
Рухани кештің әсерлі тұстарының бірі – жас ұрпақтың ақын шығармашылығына деген ықыласы. Алматыдағы №230 жалпы білім беретін мектептің 8-10-сынып оқушылары Қуат Қайранбаевтың «Қаңтарда жауған қар», «Шыңырау шетіндегі шырақ», «Тіршілік», «Мына заман, қай заман?» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермен қошеметіне бөленді. Белгілі әнші, композитор Нұржан Ахметбек ақын жырларына жазылған әндерін орындады. Саз бен сөз үндесіп, жиналған көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.
«Арқалаған ар жүгін» атты бұл кеш Қуат Қайранбаевтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне деген халықтың құрметі мен алғысының айғағы болды.

Сая ЕРБОЛАТҚЫЗЫ