Перейти к содержимому

Ата Аманатына адалдық

19 қаралым

Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылында тағылымды шараның куәсі болдық. Жыр алыбы Жамбыл мен «Өлеңнің қара жорғасы» атанған Үмбетәлі ұрпақтарының кездесуі ата аманатына адалдықты паш етті. «Жамбыл жырлары – ұрпақ аманаты» атты рухани кеш осы ауылдағы Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалдық музейінде өтті.

Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған шараның Үмбетәлі музейінде өтуінің өзі қай жағынан алса да жарасымды. Кезінде жас ақын Үмбетәлі жыр алыбы Жамбылға барып, батасын алған. Үмбекең сонда:
Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның,
Атақты Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң,
Үйіңде тыныш қана жата алмадың.
Әдемі ат арылтып інің жетті,
Қолыңды жай, келеді бата алмағым,
– деген екен.
Шарада алғашқы сөзді алған ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі Әуелбек Ысқақов сол тарихи сәтті, екі ақынның бір-біріне деген риясыз қарым-қатынасын әңгімеледі.
–Жамбыл атамыздың немересі Салтанат пен Үмбетәлі немересі – мен ұзақ жыл аталарымыздың музейінде қызмет атқардық, әрі екеуіміз түйдей құрдаспыз. Қос ақынның әр салада қызмет еткен, жұмыс істеп жүрген ұрпақтарының ортақ ниетпен бас қосуы ата аманатына адалдық десек болар. Менің анам – Зейнеп Үмбетәліқызы Жамбылды көрген екен. Өйткені Жамбыл ата осында жиі келіп, Үмбетәлі екеуі жақын қарым-қатынаста болыпты. Ақынның үйі кейін осы музейге айналғаны белгілі. Дәл осы көшеде жыраудың ізі қалған. Қос ақынның арасындағы рухани байланысты бүгінде ұрпақтары лайықты жалғап отырғаны қандай ғанибет! – деді Әуелбек Мұсаханұлы.
Жиналған көрермен алдында Жеңісхан, Салтанат, Бұлан Жамбылов­тар өздерінің естеліктерімен, ой-пікірлерімен бөлісіп, ата тағылымын тереңірек тарқатты. Ақынның 180 жылдық мерейтойына байланысты музей тарапынан ұйымдастырылып жатқан түрлі іс-шаралар хабардар етілді. Жиында Үмбетәлі немересі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Әлия Үмбеталина мен Халық ақынының шөбересі, Үмбетәлі Кәрібаев музейінің меңгерушісі Аида Ысқақова, кезінде Жамбылдың жаназасын шығарған Әбдіқари имамның ұлы, жазушы, журналист, педагог, саяхатшы Исмаилжан Иминов, Мәдениет саласының үздігі, жыршы-термеші, Жамбыл ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ермек Шаштайұлы лебіз білдірді.
Ұрпақтар кездесуіне сондай-ақ Жамбылмен үзеңгілес болған Халық ақыны Өмірзақ Қарғабаевтың баласы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірбай Өмірзақұлы қатысып, өзінің Үмбетәлі Кәрібаевпен кездескен сәтінен естелік айтты. «Үмбетәлі ақсақалдың көзін көріп, өсиетін естіп, жырын тыңдағанмын. Кейін шығармаларын зерттеп, кітабын шығаруға атсалыстым. Ал Жамбылдың өлеңін жастайымнан жаттап өстім», – деді ол. Өмірбай Өмірзақұлы ақындардың достығын тілге тиек етіп, Жамбылдың өлеңін оқып, Өмірзақ ақынмен қайымдасуынан үзінді орындады. Сөзінің соңында өзі тұратын Көкдала ауылындағы мектепте Өмірзақ ақынға шағын мұражай ашылғанын жеткізді.
Мәдени шарада Жамбыл мен Үмбетәлінің кездескен сәтінен қойылым ұсынылып, ақын әндері шырқалды. Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, дәстүрлі әнші Алма Аманжолова Жамбылдың «Балаларға» әнін, Бұлан Жамбылов «Угай-ай» әнін орындады. Үмбетәлі ауылының «Бөпежан» әжелер ансамблі «Ақ кимешек» әнін шырқады. Бөпежан – Үмбетәлінің анасының есімі.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы