Жапонияда ХХ жазғы Азия ойындарының жарыстары жалғасуда. Бүгін қазақстандық спортшылар стенд атудың «трап» дисциплинасы бойынша ерлер арасындағы командалық сайыста жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасы сапында Данияр Почивалов, Алишер Айсалбаев және Марк Почивалов өнер көрсетті. Біліктілік кезеңінің қорытындысы бойынша қазақстандық команда 348 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Атап айтсақ, І орынды 355 ұпаймен Кувейт, ІІ орынды 349 ұпаймен Катар, ІІІ орынды 348 ұпаймен Қазақстан жеңіп алды.
Қола жүлдегерлердің бірі — Алматы облысының өкілі Данияр Почивалов. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері «трап» дисциплинасына маманданған және әлемдік аренада өнер көрсету тәжірибесі мол. 22 жастағы спортшы — 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ұлттық жарыстар мен ірі халықаралық додалардың жеңімпазы әрі жүлдегері.
Осы Азия ойындарында Данияр Почивалов алғашқы сыннан-ақ жеке бәсекеде де өз мүмкіндігін көрсетті. Ерлер арасындағы «трап» біліктілігінің бірінші күнінде ол 48 нысананы дәл көздеп, үшінші орынға тұрақтады. Екінші күннің қорытындысы бойынша оның нәтижесі 93 ұпайды құрады.
Командалық есептегі бұл медаль — Данияр Почиваловтың спорттық жолындағы тағы бір жарқын белес. Бұл — жаттығудағы табанды еңбектің, жоғары дәлдік пен төзімділіктің нәтижесі.
«Трап» дисциплинасы бойынша қола медаль Қазақстанның стенд атудан Азия ойындарындағы кезекті жетістігіне айналды. Ал Алматы облысы үшін бұл — ұлттық құрама сапындағы өз спортшымызбен мақтануға тұрарлық себеп.
Тоғызыншы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 45 медаль: 9 алтын, 13 күміс және 23 қола болды. Қазақстан жалпыкомандалық медальдар есебінде бесінші орынға тұрақтады.
Алда Азия ойындарының тағы бірнеше жарыс күні бар. ХХ жазғы Азия ойындары Жапонияда 4 қазанға дейін жалғасады.